Жеті жасқа толып, Амангелді ауданына қарасты Үрпек ауылындағы Жаңауыл орта мектебінің бірінші класын үздік аяқтаған Базаркүлге мектеп дирекциясы марапат ретінде ақын Сырбай Мәуленовтің кітабын сыйға тартты. Балажан ата-ана бұл марапатқа ерекше қуанып, жастық шағында Қостанай қаласында көрші тұрып сыйласқан Сырбай ақын мен Күнжамал замандастарының өздерін көргендей жақсылыққа жорыған-ды...
1967 жылы мал-жанның ыңғайымен бірнеше отбасы, белортасында Мырқали мен Әуес те бар, Арқалық ауданына қарайтын Қайыңдыға қоныс аударды. Осы ауылда жетінші класқа барған Базаркүл біразға дейін мектепті жатырқап жүрді. Бір қызығы, қазақ журналистикасының қайраткері Жұмабек Кенжалин де осы класта оқиды екен. Оның да түп тамыры Ақкісіден. Бір күні әдебиет пәнінің жаңадан келген жас оқытушысы Хадиша Ерназарова шәкірттеріне бүгінгі сабақта шығарма жазатындарын, ол шығарманың еркін тақырыпта жазылатынын айтты. Ә дегенде неден бастарын білмеген жас балалар іркіліңкіреп барып қаламсаптарын дәптердің бетіне бірте-бірте жорғалата бастады. Базаркүлмен парталас Бейсенбек Мырзабеков дәптерін сол қолымен көлегейлей берді. Базаркүлдің одан көшіретін ойы да жоқ еді. Алыста қалған ауылы Үрпек пен ондағы құрбылары есіне түсіп, сартап сағынышы әдемі тіркестерге айналып, сырлы сөздері сырғанап төгіле берді.
Келесі сабақта мұғалім бір құшақ дәптерін кеудесіне қысып кіріп келгенде, кластағы бар баланың назары апайға ауды. Оқытушы да соны сезіп, зейіні өзіне ауған ұл-қыздарға қарап:
– Ал балалар, өздеріңнің жазған шығармаларыңнан кімнің қандай баға алғанын айтайын, – деп, бөгеліңкіреп барып сөзін қайта жалғады.
– Бір оқушыға ғана 5 қойдым. Ал оның кім екенін ең соңында білесіңдер.
Сөйтті де әр дәптерді жеке-жеке қолына алып, аты-жөнін, оның қандай баға алғанын біртіндеп айта бастады. Ең соңғы дәптерді жоғары көтеріп, «5 алған Базаркүл Ахметова» деді риза үнмен.
Бірнеше айдан соң олардың отбасы балаларының қалауымен Қайыңдыдан Үрпекке қайта қоныс аударды. Кластан класқа көшкен сайын жас қыздың әдебиетке құштарлығы арта бастады. Әсіресе, көркем әдебиетке, ондағы образдарға, сюжеттер мен кейіпкерлердің тұлғасына ынта-шынтысының ауғаны соншалық, көкейіне қондырған көркем көріністердің суретін іле-шала қағаз бетіне салатын. Ол бір ғана сурет емес, оқиғаның желісіне орай қат-қатымен, ретіне қарай тізбектеліп жосыла береді. Сол суреттерді құрбы қыздарына көрсетіп, салғандарын ойға тарта отырып, кітаптың мазмұнын айтып шығатын.
Балаларының бойына, олардың білімі мен іліміне һәм өресі мен талпынысына сәйкес болашақта лайықты мамандық иесі болып шығуын мақсат еткен ата-ана қызының міндетті түрде жоғары оқу орнына түсуін қадағалады. Соған орай Базаркүл Қарағандыдағы университеттің филология факультетіне құжат тапсырды, бірақ бір балл жетпей қалып конкурстан өте алмады. Одан кейін де Алматыдағы оқу орындарына талпыныс жасап көрді. Бір қызығы, сонау оқушы кезінде кластағы отыз шақты баланың ішінде шығармадан бір өзі 5 алған Базаркүл, көркем әдебиетті көзімен де, көкейімен де тоқып өскен Базаркүл ешқашан журналист боламын деп ойламаған. Ұстаздық етіп, әдебиеттен сабақ беруді армандайтын. Алайда Құдайдың құдіреті мен бұйрығына пенденің қарсы келер қауқары жоқ. Демек, Базаркүлдің жолын сол кезеңде жаңадан ашылған қасиетті Торғай облысының «Торғай таңы» газетінің редакциясына бағыттап қойған екен. Солайша, корректорлық жол журналистикаға ұласты. Редакцияда Сейіт Кенжеахметов, Көшкінбай Кенебаев, Жақсылық Жүнісов, Жұмаш Сомжүрек, Жұматай Сабыржанов, Әбжан Әбілтай секілді торғайлық сөз зергерлерімен қатар еңбек етті.
Газеттің хат бөлімі, қоғамдық-саяси және мәдениет бөлімдерінде тілші болып, мақала, суреттеме, репортаждар жазып тұрды. Мәдениет, адамгершілік-мораль тақырыбындағы жазғандары, атап айтқанда сот залынан берілген өткір де жан-жақты зерттеулермен, деректермен һәм дәйектермен байытылған мақалалар қалың оқырманның көңілінен шықты. Мәселен, «Кешірілмес күнә», «Ащы судың кесірі», «Терезеден телміріп», тағы басқа мақалалармен қатар мәдениет саласының майталмандары туралы жарияланған оқшау-оқшау дүниелері көңіл жылытады. Киноактриса Зибагүл Қарина туралы «Арман адастырмайды», «Шертер» ансамблінің музыкалық жетекшісі Ғалымжан Құрманов жайлы «Өнерпаз өрісі», әнші-композитор Қалибек Деріпсалдин хақында «Әнімен елін әлдилеген», Қыдырәлі Болмановпен жүргізілген «Теңізді тебірентіп, тауларды мүлгіткен әнші» сұхбатының, дарынды домбырашы Тұрсынбек Әлмағамбетов туралы «Төгілдіре күй шерткен» очеркінің, әнші-сазгер Амангелді Досжанов жайындағы портреттік мақаласының орны ерекше.
«Торғай таңы» ұжымы сонымен қатар жастықтың жалыны мен жігері жанып тұрған бір орда еді. Бұл жерде «Қайран жиырма бестің» алауын ұстаған қыз-жігіттер де жайнап жүрді. Сырым Кәрімов, Әділбек Жақыпов, Қонысбай Әбіл, Марат Нұрқалиев, Жұмабек Жанділдин, Әмина Мүржүсіпова, Данаш Балтабекова секілді жастар да болды.
Солардың ішінде толқынды қара шашы иығына төгілген, аялы сұлу көзді, талдырмаш бойжеткен Базаркүл бір күні қатты аяз құрсаған даладан ішке кіргенінде, қою кірпігін қырау көмкеріп ерекше көркем көрінді. Тілші қыздың сол қалпына сүйсінген әзілқой журналист Жұмабек: «О-ох! Түбіт кірпік тілші қыз» дейді әдетінше даурығып. Міне, содан бері өзіне дейін ешбір қызға айтылып көрмеген осынау бір «түбіт кірпік» теңеуі сол ортада кең таралды. Бұл кезде Базаркүл кәнігі кәсіпқой журналистердің белортасында Торғайдағы қоғамдық-әлеуметтік өмірдің шежіресіне үлес қосып, еркін қалам тербеп жүрген. Күні кешеге дейін педагог боламын деп армандайтын бүгінгі түбіт кірпік тілші қыздың қаламының қарымын аңдаған сыйлас ағасы Жұматай Сабыржанұлы КазГУ-дің журфагінде сырттай оқып алуына кеңес берді.
...Біз Базаркүл Ахметпен бір курста оқыдық. Біздің курс өзімізге құтты курс болып саналатын. Сырттай бөлім болғандықтан, курстастардың жасы әркелкі. Кейінгі толқын біз алдымыздағы Алтын, Алтай, Базаркүл, Ермек, Дәулет, Әбдімәлік, Мұсахан, Жантелі, Базарбай секілді бірер «иткөйлекті» бұрын тоздырған үлкендерді сыйладық, алдарынан кесіп өтпедік. Оның ішінде Базаркүл Ахметті байыптылығы мен кәсіби шеберлігі үшін, орны мен жөнін саралай білетіндігі үшін жақсы көрдік.
Бүгінде біразымыз Астанадамыз. Базаркүл Мырқалиқызы ел газеті «Егемен Қазақстанда» еңбек етіп, тер төкті. Газет бетінде дәуірдің шежіресіндей мақалалары жарық көріп, оқырманмен қауышты. Жиырма жылдың бедерінде жазған дүниелерінен мысқалдай мысал келтірсек. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Жазықсыз жапа шеккендер», «32-жылғы күз еді...», Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына қатысты «Батпаққарадан Берлинге барған», «Іздейдің ізі», «Атам жайлы айтсаңыз...», желтоқсан тақырыбына байланысты «Аллажар-замана аманатында» естеліктерінде режиссер Қалдыбай Әбенов туралы айтылған.
Журналист – дәуірдің шежіресін жазушы. Әрбір күннің парағында әр журналистің қаламының ізі бар. Ой-пікірінің бедері бар. Қаламдастар полкінің бел ортасында, әрине, Базаркүл Ахметтің өзіндік орны бар.
Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ,
ардагер журналист