«Заң түні»: тұрғын үй және алаяқтық мәселелері қозғалды

«Заң түні»: тұрғын үй және алаяқтық мәселелері қозғалды
фото: Астана қаласының әкімдігі

"Заң түні» акциясы барысында тұрғындар тарапынан ең көп қойылған сұрақтардың қатарында тұрғын үй саласы мен алаяқтық мәселелері болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасының аға прокуроры Нұрдәулет Ешенқұловтың айтуынша, құрылыс саласындағы заңнаманың сақталуына қатысты сұрақтар жиі кездеседі.

- Құрылыс саласына қатысты мәселелер көп. Кейбір жағдайларда құрылыс компаниялары тарапынан жалған құжаттар ұсынылып, құрылысты аяқтамай, азаматтарды сан соқтырып кететін жағдайлар кездеседі. Осыған байланысты Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасында арнайы жоба жұмыс істейді. Оның көмегімен құрылыс салушының деректерін тексеруге және оған қатысты алаяқтық фактілерінің тіркелген-тіркелмегенін анықтауға болады, - деді ол.

Прокурордың сөзінше, алаяқтық фактілері де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Оның айтуынша, қалада күн сайын шамамен 10-15 алаяқтық фактісі тіркеледі. Маман азаматтарды сақтық шараларын ұстануға шақырып, түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңызын атап өтті.

- Үлкен кісілер мен балаларға алдын алу және түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу қажет. Азаматтар күмәнді ұсыныстарға сенбей, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруі керек, - деді Нұрдәулет Ешенқұлов. Маман азаматтарды кез келген қаржылық немесе тұрғын үй мәмілесі алдында ақпаратты мұқият тексеруге және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.

Айта кетейік, «Заң түні» акциясы аясында елорда тұрғындарына құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беріліп, азаматтарды толғандырған сауалдарға мамандар жауап берді.

Асыл МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті