Кәсіби мерекеміз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында сүйінші жаңалық жетіп отыр. Басылымымыздың бұрынғы басшылары Амантай Шәріп «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болса, Мағжан Садыханұлы «Қазақстан Журналистика академиясының академигі» атанды.
Ақын, аудармашы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, «Құрмет» орденінің иегері Амантай Шәріп журналистика мен ғылымды ұштастырып келе жатыр. Ірі ақпарат құралдарында, ғылыми мекемелерде басшылық, жетекшілік қызмет атқарды. 2008-2012 жылдары «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы болды. 2011 жылы «Үздік бас редактор» аталымы бойынша Г.Толмачев атындағы сыйлықты иеленді.
Мағжан Садыханұлы 2001-2006 жылдары «Астана ақшамы» газетін басқарды. Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері атанды. Қазақстан Журналистика академиясының академигі атануымен қатар, ол ұлттық баспасөз бен журналистика саласын дамытуға қосқан айрықша еңбегі үшін осы академияның «Алтын самұрық» төсбелгісімен марапатталды.

Ал кезінде «Астана ақшамы» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарған белгілі медиа-менеджер Ғалым Омарханов мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды.
Сондай-ақ кеше Elorda Aqparat серіктестігінде салтанатты жиын өтіп, соның барысында медиахолдингтің подкаст-студиясы мен «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің жаңарған сайттары таныстырылды, марапаттар тапсырылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі «Вечерняя Астана» газеті бас редакторының орынбасары Шолпан Ақбалаеваға табысталды. Ал «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен Elorda Aqparat медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек, Elorda.info желілік басылымының бас редакторы Мәнсия Сәкенова және «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Құралай Мұратова марапатталды. Сонымен қатар Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабденнің, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыповтың, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың алғыс хаттары «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінің және Elorda.info желілік басылымының бірқатар қызметкеріне табысталды.