ӘлеуметБасты ақпарат

Жұмысшы – мәртебелі мамандық

Бейбітшілік және келісім сарайында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жетістіктер, даму және перспективалар» атты салтанатты іс-шара өтті. Ол Жұмысшы мамандықтар жылы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығаруға арналды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен Жұмысшы мамандықтар жылының маңызына тоқталып, бас­таманың жай ғана ұран немесе бір реттік науқан емес екенін атап өтті.

– Жұмысшы мамандықтары – ел дамуының берік негізі. Еңбек ­адамы бар жерде тұрақтылық бар, сапа бар, нақты нәтиже бар. Мемлекет басшысы айтқандай, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор әрі нағыз маман болу идея­сын қалыптастырамыз. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Осы мақсатта елордада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 100-ден астам іс-шара ұйым­дастырылды. Мектеп оқушыларына ерте кәсіби бағдар беруге ерекше назар аударылып, колледждер базасында оқушылар 10 түрлі мамандық бойынша алғашқы жұмысшы білігін алды. Сонымен қатар мектептерде 100 профильді сынып ашылып, 1800-ден астам оқушы қамтылды. Жастардың еңбек нарығына ерте араласуына басымдық берілді. Маусымдық жұмыспен қамтуға бағытталған жастар еңбек жасағына 5 мыңнан астам студент пен оқушы тартылды. Бұдан бөлек, 28 мыңға жуық студент пен оқушы «Электрондық еңбек биржасы» платформасы арқылы жұмыс істеу дағдысын меңгерді. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңарып, ресурстық орталықтар ашылуда, жұмыс берушілермен бірлескен қысқамерзімді бағдарламалар іске асуда. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» ашылды. Мұндай бастамалардың жүзеге асуына үлес қосқан әрбір азаматқа шынайы алғысымды білдіремін! – деді Есет Байкен.

Іс-шара барысында колледждер мен әлеуметтік серіктестердің Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы негізгі жетістіктері мен бастамалары таныстырылды. Астана қаласының техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін қала әкімінің алғыс хатымен бірқатар педагог марапатталды. Олардың қатарында «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің «мехатроника» құзыреті бойынша халықаралық сарапшысы Самир Керимов, «желілік және жүйе­лік әкімшілендіру» құзыреті бойынша халықаралық сарапшы, арнайы пәндер оқытушысы Светлана Лапенко, «нан пісіру ісі» құзыреті бойынша халықаралық сарапшы, Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің өндірістік оқыту шебері Еркебұлан Махмұтов бар. Халықаралық деңгейдегі сарапшылар мен педагогтар – «кондитерлік іс» құзыреті бойынша халықаралық эксперт, өндірістік оқыту шебері Жазира Жұмағазы, «веб-технологиялар» құзыреті бойынша халықаралық эксперт Айжан Зиаданова, «графика дизайны» құзыреті бойынша халықаралық эксперт Гаухар Қадыр­таева, «сантехника және жылыту» құзыреті бойынша халықаралық эксперт Ержан Қасымов марапатталды. Бұдан бөлек, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында республика көлемінде ерте кәсіби бағдар беруге бағытталған «1000 бейінді сынып» жобасын жо­ғары деңгейде жүзеге асырғаны үшін №26 мектеп-гимназия директоры Ольга Тодераш алғыс хат алды.

Халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарында Қазақстанның намысын қорғап, жоғары нәтижеге қол жеткізген студенттер де назардан тыс қалған жоқ. EuroSkills Herning-2025 IX еуропалық кәсіби шеберлік чем­пионатында «Үздік медальон» иегерлері атанған «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің студенттері Мұхаметжан Ағыбай, Данил Турапин және Данил Лапенко, сонымен қатар халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен қатысушылары – TurkicSkills-2025 халықаралық чем­пионатының жеңімпазы, Мағжан Жұмабаев атындағы Жоғары халықаралық колледж студенті Таиржан Аметов, EuroSkills Herning-2025 чемпионатына қатысқан Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің студенті Аяулым Ахылбек, Технологиялық колледж студенті Ләззат Асыланқызы, Сервис және туризм колледжінің студенті Ержан Балтабай алғыс хатпен ­марапатталды.

Шапағат ӘБДІР

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button