Қазақстанда "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында азаматтарға табиғатта өзін ұстау ережелері мен оларды бұзғаны үшін жауапкершілік бар екендігі еске салынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Аумақты қоқыспен ластағаны үшін 10 АЕК, ал қайталап бұзғаны үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ, аулалар мен саяжайларды абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұл 5 АЕК, ал қайталап бұзылған жағдайда – 10 АЕК құрайды.
Өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Ормандарда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бұзушылық орман өртінің пайда болуына себеп болса, айыппұл сомасы 25 АЕК-ке жетуі мүмкін. Белгіленбеген жерлерде от жағу үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.
Айта кетейік, "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында бүкіл ел бойынша 1,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілді. Оларға 6,5 миллион адам қатысып, 2 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 5,5 миллион ағаш отырғызылды.
"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы Мемлекет басшысының бастамасы бойынша іске асырылады және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, елді мекендерді абаттандыруға және азаматтардың қоршаған ортаның жай-күйі үшін жауапкершілігін арттыруға бағытталған.