Құқық

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының іске асырылу барысы сөз болды

Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында «Елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының іске асырылу барысы» тақырыбында подкаст өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Аталған тұжырымдама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі қаулысымен бекітіліп, 2025-2030 жылдар аралығын қамтиды. Құжаттың негізгі мақсаты – қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын орнықтыру, сондай-ақ азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыру.

Подкаст барысында заңға деген құрметті қалыптастыру халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтатыны атап өтілді. Заң азаматтар үшін олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған тиімді тетік ретінде қабылдануы тиіс екені айтылды. Тұжырымдаманың негізінде заң үстемдігі, заң алдындағы теңдік қағидаттары жатыр. Сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігі негізгі қағидаттар ретінде айқындалды

«Адам құқықтарын сақтау, жалпыға бірдей қатысу және ведомствоаралық үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Адрестік тәсіл балаларды, студенттерді және еңбек ұжымдарын қамтитын әртүрлі мақсатты топтармен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Әсіресе балалар мен жастар арасында профилактикалық іс-шараларды күшейту маңызды. Заңға деген дұрыс көзқарасты ерте жастан қалыптастыру болашақта құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.

Елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру бағытында барлық мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысы жүргізіліп келеді. Бұл ретте Астана қаласының прокуратурасы ведомстволардың күш-жігерін үйлестіріп, бірыңғай тәсілді қамтамасыз ететін негізгі үйлестіруші орган ретінде айқындалды. Қалада білім беру және әлеуметтік жобалар, түрлі конкурстар, пікірсайыстар мен қойылым форматындағы сот процестері ұйымдастырылуда. Сонымен қатар буллингтің, интернет-алаяқтықтың және есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған әлеуметтік бейнероликтер кеңінен насихатталуда», — деді Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Айгерім Өмірзақова.

«Құқықтық дәріхана» және «Халық заңгері» қалалық акциялары өз жұмысын жалғастыруда. Аталған бастамалар аясында елорда тұрғындарына тегін құқықтық кеңестер көрсетілуде. Жастарға арналған профилактикалық бағыттағы мәдени іс-шаралар мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар мектептерде құқықтық кабинеттер ашылып, заманауи интерактивті білім беру форматтары енгізілуде. Әлеуметтік желілер мен цифрлық кеңістікте ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да ерекше мән беріліп отыр.

«Тұжырымдаманы іске асыру қауіпсіз қоғамдық ортаны қалыптастыруға, әлеуметтік шиеленісті азайтуға және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған. Ұзақ мерзімді перспективада бұл қоғамда тұрақты құқықтық сананы қалыптастырып, елдің орнықты дамуына негіз болады.

Ақпараттық ашықтықты арттыру мақсатында Instagram әлеуметтік желісінде «Заң мен тәртіп» атты бірыңғай қалалық парақша іске қосылды. Онда тұжырымдаманы жүзеге асыру аясындағы бірлескен жұмыстар тұрақты түрде жарияланып отырады. Сонымен қатар бекітілген брендбукке сәйкес имидждік жұмыс жүргізіліп, қалалық кеңістік жүйелі түрде безендірілуде.

Тұжырымдаманы іске асырудың басты нәтижесі – ең алдымен өскелең ұрпақ арасында қауіпсіз орта мен тұрақты құқықтық сананы қалыптастыру. Ұзақ мерзімді келешекте бұл құқық бұзушылықтар деңгейінің төмендеуіне және қоғамдағы тұрақтылықтың нығаюына ықпал етеді», — деді Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Айгерім Өмірзақова.

Елордада «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету бойынша жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде және алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл – мемлекеттік органдар мен қоғамның тұрақты өзара іс-қимылын талап ететін ұзақ мерзімді міндет.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button