Басты ақпаратҚала мен сала

LRT: қауіпсіздік қатаң тексеруден өтуде

Келе жатқан жылда елорда өмірінде әйгілі LRT нысанының ашылуы елеулі жаңалық болғалы тұр. Түрлі құрылыс кезеңінен өткен жеңіл рельсті көлік жүйесінің сынақтық пайдалану жұмысы биылғы 29 қыркүйектен бастап жүргізілуде. Тестілік іске қосу – пайдалануға берудің маңызды кезеңі. Сынақ барысында мамандар рельстерді, стансаларды, байланыс желілерін, жылжымалы құрамды, қауіпсіздік пен қозғалысты басқару жүйелерін тексереді. Ерекше назар қызметкерлерді дайындауға, төтенше жағдайдағы іс-қимылдарға және LRT-ны басқа көлік түрлерімен интеграциялауға аударылады.

«City Transportation Systems» ЖШС баспасөз қызметінің мә­ліметінше, жабдық пен инфра­құрылымды кешенді сынау кемінде 6 айға созылады. Бірінші кезеңде тестілеу №112-№113 стансалары арасында басталды. Пойыздар бастапқыда 10 км/сағ жылдамдықпен қозғалып, кейін жылдамдық пен сынақ аймақтары кезең-­кезеңімен артады. Бұл ең жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, рельстерді мұқият тексеруге және біртіндеп жобалық параметрлеріне өту үшін қажет. Екінші кезең жылжымалы құрамды басқарудың негізгі жүйелерін сынақтан өткізу, радиобайланысты тексеруді қоса алғанда, қозғалыс қауіпсіздігін сынау жұмысынан тұрады. Сонымен қатар пойыздардың платформалық есіктермен өзара әрекеттесуін пысықтау, стансаларға автоматты түрде келу және жүруді тексеру, сигнализациямен біріккен сымсыз жүйелерді сынау, электрмен жабдықтау жүйесіне түсетін жүктемені бағалау, штаттық және штаттан тыс жағдайларды модельдеу, түрлі пайдалану сценарийлерін имитациялау жұмысы осы кезеңде жүзеге асады.

EPC келісімі бойынша CRAEС (China Railway Asia-Europe Construction) компаниясы LRT құрылысымен қатар вагондарды құрастырып береді, мамандарды да оқытады. Оған қоса, заманауи депо салып жатыр. Бұған қосымша ақша бөлінбейді. Барлығы алғашында келісілген 1,8 млрд доллар ішінде қарастырылған.

Қытайдың Таншань қаласында LRT жылжымалы құрамдары құрастырылып жатыр. 19 дана жылжымалы құрамға тапсырыс «CRRC Tangshan Co., Ltd» зауытында орналастырылды. «CRRC Tangshan Co.» – 100 жылдық тәжірибесі бар алып компания. Ұзындығы 60 метрлік жылжымалы құрамдар GoA4 деңгейіндегі автоматтандырылған бағдарламалық-аппараттық кешенмен жабдықталады, соның арқасында вагондардың есігі автоматты түрде ашылып-жабылады, құрамдардың жағдайы бақылауда болып, пойыздар арасындағы қашықтық реттеледі, операторсыз-ақ басқа функциялар орындалады.

Төрт секциялы құрамдарға 600-ден астам жолаушы сыяды. Жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Салондарда берік­тігі жоғары материалдар, соның ішінде органосиликатты былғары және шыны-талшықты композит қолданылады, бұл жолаушыларға жайлылықты арттырады. Шуды азайту үшін қалыңдатылған терезелер және шуды бәсеңдету элементтері, диаметрі үлкейтілген дөңгелектер орнатылған. Құрамдар заманауи ақпараттандыру жүйелерімен жабдықталады, сыртқы және ішкі электронды таблолар, LCD-мониторлар бар, олар қозғалыс бағытын, соңғы және келесі стансаларды, есіктердің ашылу жағын және шұғыл ақпаратты көрсетеді.

Мамандардың айтуынша, ва­гондар Астана қаласының ауа райына бейімделген. Климат ерекшелігін ескере келе, алдыңғы терезесі температураны реттейтін электрлі жылыту жүйесімен жабдықталған. Бұл кенеттен болатын температура өзгерісінде әйнектің булануының алдын алады. Кондиционер қондырғысының салқындату қуаты – 35 кВт. Ең жоғары жылдамдық – 80 км/сағ, толық автоматтандыру және операторлардың тұрақты бақылауымен жүргізілетін пилотсыз басқару жүйесі.

GoA4 – рельсті көлікті автоматтандырудың ең жоғары деңгейі, жаңа желілерді салу немесе қолданыстағы желілерді жаңғырту кезінде көптеген қала ұмтылатын стандарт. Метро мен LRT жүйесі үшін бұл тиімділікті, қауіпсіздікті және басқа көлік түрлерімен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілікті арттыруды білдіреді. Бүгінде GoA4 Сингапурде, Дубайда және Қытайда енгізілген, дәл осындай заманауи деңгей Астанада да іске асады.

LRT пойыздарының операторлары, яғни машинисі болатын 29 маман Қытайдың Тяньцзинь қаласында оқудан өтіп, қорытынды емтихандарды сәтті тапсырды және білігін растайтын сертификатқа ие болды. Оқыту үшсатылы жүйе бойынша ұйымдастырылды. Алдымен Астанада базалық курстан өтті, кейін Қытайда тереңдетілген теориялық да­йындық, тренажерлерде жұмыс және практикалық тағылымда­ма жүргізілді.

– Қытайда электрпойызды бас­қару, штаттан тыс жағдайларда әрекет ету сияқты маңызды дағдыларды меңгердік. 7 айлық оқудан өтіп, міне, енді үшінші кезеңін бастадық. Бұл кезеңде тест жұмысына белсенді араласамыз. LRT-ны тежеу, тарту жүйелері, автоматты жүргізу жұмысына қатысудамыз. Осы білім мен тәжірибе кейін жолау­шылардың қауіпсіздігі үшін аса қажет болады. Қазақстандағы су жаңа көлік түрін алғашқылардың бірі болып тізгіндеу – үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. LRT – заманауи қадам, сондықтан біз өз үлесімізді қосып жатқанымыз­ға қуаныштымыз, – деді «City Transportation Systems» ЖШС LRT пойыздарының операторы Айдар Надырбеков.

«City Transportation Systems» ЖШС жеңіл рельсті көлік жүйе­сінде жұмыс істеу үшін бірнеше лауазымға қызметкерлерді қабылдау жұмысын жүргізді. Атап айтқанда, стансалардың ауысым басшылары, станса кезекшілері, жылжымалы құрам орталығының қозғалыс диспетчерлері, жылжымалы құрам орталығының орталықтандыру бекетінің диспетчерлері, LRT жабдықтары мен инфрақұрылымын басқару орталығының диспетчерлері, жабдықтар мен инфрақұрылымды басқару орталығының сигнализация техниктері, жабдықтар мен инфрақұрылымды басқару орталығының байланыс техниктері, жабдықтар мен инфрақұрылымды басқару орталығының электр монтерлері, жабдықтар мен инфрақұрылымды басқару орталығының жол жөндеу учаскесінің шеберлері, жылжымалы құрам орталығының жабдықтарды жөндеу слесарьлары және қойма меңгерушілері.

Жеңіл рельсті көлік жүйе­сінде жұмыс істейтін болашақ қызметкерлерді оқыту жұмыс беруші есебінен жүргізіледі. Теориялық және практикалық дайындық Қазақстанда және ҚХР-да өтеді. Курстың ұзақтығы – мамандыққа байланысты 4 айдан 6 айға дейін. Оқыту аяқталғаннан кейін халықаралық үлгідегі сертификат беріледі. Оқыту бағдарламасын сәтті аяқтаған барлық қатысушы LRT бөлімшелеріне жұмысқа орналасады. Жұмысқа қабылдау ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жүзеге асады. Бағдарламаның мақсаты – пойыздардың жүргізушісіз қозғалысын, сенімді байланысты және барлық қызметтің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін жоғары технологиялық LRT басқару жүйесінде жұмыс істей алатын білікті қазақстандық мамандарды даярлау.

LRT-мен жүру құны, яғни тариф пен төлеу әдісі нысан пайдалануға берілгеннен кейін белгілі болады. Бұл ретте тариф­тердің қолжетімді деңгейін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар жолау­шылар тасымалы «ҚР көлік туралы» ҚР 1994 жылғы 21 қыркүйегіндегі №156 заңына сәйкес бекітіледі.

Стансалардың ішінде жолаушылардың жүріп-тұруына жағдай жасалады. Эскалатор, лифт, кондиционер, дәретхана болады. Қауіпсіздік мақсатында эстакадаға және жол желісіне кіруге қатаң тыйым салынады, себебі байланыс желісі 750V жоғары кернеумен жабдықталған және ол адам өміріне қауіпті. Сынақтар аяқталған соң 2026 жылы LRT жүйесі пайдалануға беріліп, елордаға жаңа буынның толық автоматтандырылған және жүргізушісіз басқарылатын көлігі ұсынылады.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button