Астанада қолөнершілер жәрмеңкесі өтті

Тәуелсіздік күніне орай, елордадағы Astana Mall сауда-ойын сауық орталығында «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» республикалық жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтауды мақсат еткен бұл ауқымды шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шеберлер қатысып, өз қолдарымен жасаған бірегей бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Жәрмеңкеде түйе мен қой жүнінен, киізден, былғарыдан, ағаш пен табиғи тастардан дайындалған сан алуан қолөнер туындылары қойылды. Көздің жауын алатын қолдан тігілген сөмкелер, ұлттық нақыштағы қолға тағатын әшекей бұйымдар, алқа-сырға, білезіктер, сондай-ақ жүннен тоқылған шәлілер, бас киімдер, шұлықтар мен кәдесый заттар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Әр бұйымнан қазақтың дәстүрлі дүниетанымы, көшпелі мәдениетінің ізі, шебердің қолтаңбасы мен ыждаһатты еңбегі айқын байқалады. Ал, ұйымдастырушылар «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» жәрмеңкесі отандық қолөнерді насихаттап қана қоймай, ұлттық мұраны жаңғыртуға, шеберлердің тәжірибе алмасуына және қазақстандықтардың төл мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға зор үлес қосатынын айтады.

– Мұнда Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Тараз секілді өңірлерден келген 100-ге жуық қолөнерші өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып отыр. Басты мақсатымыз – отандық қолөнершілердің басын қосу, олардың төл туындыларын кеңінен таныстыру, ұлттық өнердің дамуына серпін беру. Алдағы уақытта мұндай жәрмеңкелерді арнайы белгіленген тұрақты орындарда өткізу мүмкіндігі қарастырылса деген ұсынысымыз бар. Мәселен, Ұлттық музей сынды мәдени нысандарда қолөнершілерге арналған арнайы сөрелер бөлінсе, бұл салаға үлкен қолдау болар еді. Айта кету керек, бұл бастама алғаш рет қолға алынып отырған жоқ. Біз қолөнерді дамыту, шеберлерді қолдау бағытында соңғы бес жыл бойы жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Сонымен қатар, енді 7 шілде – қолөнершілер қауымдастығының арнайы күні ретінде аталып өтеді. Сондықтан алдағы уақытта қолөнерге арналған тұрақты көрме алаңдары мен арнайы сөрелер ашылса, ұлттық өнердің өрісі одан әрі кеңейе түсер еді,– деді ҚР «Хас Шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығының президенті Зиуар Жұманова.
Аталған қолөнер жәрмеңкесі аясында іс-шараға белсенді қатысқан қолөнершілерге арнайы сертификаттар табысталып құрмет көрсетілді.



