18 қараша — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – «Заң және тәртіп» қағидатының маңызды бөлігі әрі мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс тек құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесуге ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың ашық әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, сот шешімімен жемқорлардан тәркіленген қаражат мектептер салуға жұмсалады. Ал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр.
Биыл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылып, қайта ұйымдастырылды. ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылды. Бұл қызмет сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтап, тергеп-тексеруді жүзеге асырады. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту жөніндегі міндеттер Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктелді.



