Мәдениет

Шоқанның тағдыры мен мұрасы

Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №12 көпшілік кітапхасында Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай «Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы» атты тарих ғылымдарының докторы, профессор Жарас Ермекбаймен кездесу өтті. Кездесуге БАҚ өкілдері, кітапхана қызметкерлері және колледж студенттері қатысты.

Іс-шара барысында Жарас Ақышұлы қазақ халқының біртуар перзенті, ұлы ғалым, ағартушы және зерттеуші Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми мұрасына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде Шоқанның адамзат өркениетіне қосқан өлшеусіз үлесі мен оның ғылыми ізденістерінің ерекшелігі туралы айтты. Әсіресе ғалымның Қашқарияға жасаған әйгілі сапарының тарихи мәні мен ғылыми маңызын ерекше атап өтті. Бұл сапар арқылы Шоқанның тек қазақ халқы ғана емес, бүкіл шығыс елдерінің мәдениеті мен тарихын зерттеуде зор еңбек сіңіргенін, оның еңбектері Еуропа ғалымдары тарапынан да жоғары бағаланғанын айтты.

Ұйымдастырушылар Ш.Уәлихановты жас ұрпаққа таныту олардың бойындағы рухты оятып, отаншылдық сезімін арттырады деген ойда.

– Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Шоқан Уәлихановтың ел тарихындағы ерекше орнын атап өтіп: «Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының ғылым мен мәдениет тарихындағы биік тұлға. Оның ғылыми мұрасы – ұлт руханиятының алтын қазынасы. Біз жас ұрпаққа Шоқанның ағартушылық және азаматтық ұстанымдарын үлгі етуіміз керек» деген болатын. Осыған орай, қазақ халқының көрнекті ғалымы, ағартушысы, этнограф-тарихшысы Шоқан Шыңғысұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын терең таныстыру кітапханашы ретінде біздің міндетіміз деп білдік. Бір сөзбен айтқанда, Шоқанның шығармашылық мұрасы – бүтіндей бір дәуірдің шежіресі. Оның еңбектерінен парасатты журналистің, байқампаз жазушының және сезімтал очеркистің қабілетін жиі кезіктіресіз, үлкен суретшіге тән шеберлікті аңғарасыз. Шоқан Уәлиханов көне дәуір әдебиетін жетік білді. Ұлтымыздың рухани бай қазынасын, әдеби асыл мұрасын жинап-зерттеуде уақытын да, білімін де, қажет болған жағдайда, денсаулығын да аямай жұмсады. Сондықтан оның мұраларын насихаттау – біздің азаматтық һәм перзенттік борышымыз, – дейді Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №12 көпшілік кітапхана меңгерушісі Жанна Шеризатқызы.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button