Қазақ тазысы халықаралық деңгейде мойындалды

Бүгінде Қазақстан кинологтар одағы ұлттық ит тұқымдарын дамыту және олардың халықаралық деңгейде мойындалуы жолында жетекші ұйымдардың біріне айналды. Өз ісіне адал, жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген кинологтардың табанды еңбегі мен сүйіспеншілігінің арқасында қазақ тазысы мен төбеті әлемдік аренада мойындалып, ел абыройын асқақтатуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Соңғы үш жыл ішінде Одақ ауқымды әрі нәтижелі жұмыс атқарды:
- Қазақстан кинологтар одағы (ҚКО) Халықаралықкинологиялық федерацияның (FCI) толыққанды мүшесі атанды;
- Қазақ тазысы тұқымын алдын ала халықаралық мойындауға ресми өтінім берілді;
- FCI Бас комитеті қазақ тазысы тұқымын алдын ала мойындау жөнінде тарихи шешім қабылдады.
Бұл – қазақ ит тұқымдарының әлемдік деңгейде танылуы жолындағы үлкен жетістік.
2025 жылы Хельсинкиде өткен World Dog Show көрмесінде қазақ тазысы жоғары марапаттарға ие болып, Қазақстанды халықаралық кинологиялық қауымдастық алдында лайықты танытты.
Бұл жетістік – еліміздің кинологтарының қажырлы еңбегінің, туған жер мен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігінің айқын дәлелі.
Ұлттық ит тұқымдарын дамыту мен насихаттауға қосқан ерекше үлесі үшін келесі азаматтар мемлекеттік және ведомстволық марапаттармен марапатталды:
- Серікқали Бауыржан Серікқалиұлы – «Құрмет» ордені
- Дровосекова Наталья Анатольевна – «Құрмет» ордені
- Хардина Елена Витальевна – «Құрмет» ордені
- Мечковский Евгений Анатольевич – Президенттің Алғыс хаты
- Болысбай Іңкәр Мақсатқызы – Президенттің Алғыс хаты
- Дандыбаева Жанна Серікқызы – Экология министрінің Құрмет грамотасы
Осы марапаттар – олардың еліміздің кинология саласындағы еңбегіне берілген жоғары баға, ұлттық қазынамыз – қазақ тазысы мен төбетінің әлемдік деңгейде мойындалуына қосқан өлшеусіз үлесінің дәлелі.
Қазақстан кинологтар одағы алдағы уақытта да ұлттық ит тұқымдарын сақтау, зерттеу және халықаралық деңгейде таныту бағытында жүйелі жұмыстарын жалғастырады.



