Елордалық зейнеткерлер қыста да белсенді

Елордадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері қыс мезгілінде де белсенді өмір салтын ұстанып, салауатты өмірді серік етуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазіргі уақытта 40-қа жуық зейнеткер Орталық саябақта ұйымдастырылатын шаңғы тебу мен қысқы жүзу шараларына тұрақты түрде қатысып келеді.
Спортшы зейнеткерлер арасында жасы 78-ге келген Тоқтамыс Абиев пен Тұрғанбек Ахметжанов сынды қариялар да бар. Олар спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып, өз қатарластарына үлгі көрсетуде.
Сарыарқа ауданының зейнеткерлері шаңғы тебуге сейсенбі мен бейсенбі күндері жиналса, Байқоңыр мен Нұра аудандарының тұрғындары бұл шараларға демалыс күндері қатысады. Сабақтарды Орталықтың білікті спорт нұсқаушылары мен волонтерлер жүргізеді.
Соңғы үш жылда қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп, зейнеткерлердің таза ауада уақыт өткізіп, денсаулығын жақсартуына жағдай жасалып отыр. Бұл бастама егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттырып, белсенді қартаюға жол ашуда.


