Қ. Мұңайтпасов даңғылының жаңа кейпі: ауқымды жоба аяқталды

Елорданың Алматы ауданында қаланың негізгі көшелерінің бірі — Қ. Мұңайтпасов даңғылын кешенді абаттандыру бойынша ауқымды жоба толық аяқталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жаңарту жұмыстары аясында бірқатар кең көлемді шаралар жүзеге асырылды: жаңа гранит жабыны төселді, бұрын болмаған учаскелерде тротуарлар салынды, жаяу жүргіншілер алаңдары кеңейтілді, бордюрлер мен заманауи көше элементтері орнатылды. Тірек қабырғалары жасалып, қараңғы уақытта жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи сәндік шамдар қойылды.
Сонымен қатар іргелес аумақтар да абаттандырылды: автотұрақ аймақтарына асфальт төселді, көлік қою алаңдары кеңейтілді, шағын сәулет нысандары орнатылды. Жол жиегі мен тротуардың арасына көгал белдеуі отырғызылып, ол визуалды бөлініс жасап, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттырады.
Абаттандыру барысында көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән берілді. Биыл даңғыл бойына 700-ден астам ағаш отырғызылды. Келесі жылы ауданның жасыл желек қоры одан әрі нығайтылатын болады.
Аяқталған абаттандыру жобасы заманауи, қолайлы және қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастырды. Бұл Еуразия ұлттық университетінің жақын жерде орналасқанын ескере отырып, айрықша маңызды. Жаңартылған даңғыл студенттер, оқытушылар және барлық аудан тұрғындары үшін жайлы және тартымды қалалық ортаны қамтамасыз етеді.



