Мәдениет

Құштарлық пен нәзіктік күші Astana Ballet сахнасында

21-қарашада Астана Балет театрының сахнасында көрермен назарына әлем мәдениетінің алып әрі қарама-қайшылыққа толы екі әйел бейнесіне арналған кеш ұсынылады. Бұл күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри қойған бір актілі екі спектакль – «Ma Carmen» және «Саломея» қойылымдары көрсетіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Екі қойылым да әйел хореографтың махаббат, еркіндік, құмарлық және ішкі ізденіс сынды мәңгілік тақырыптарға көзқарасын біріктіргендей. Бұл авторлық балет кешінде Мукарам Авахри биязылық табиғатын, оның мол қуаты мен қарама-қайшы сұлулығын жаңа қырынан ашады.

«Ma Carmen» – еркіндік пен рух күшінің символына айналған әйгілі Кармен бейнесін ой елегінен қайта өткізу амалы. Сахнада үйреншікті ер кейіпкерлер жоқ – труппаның тек әйелдер құрамы ғана қатысады. Ер адамдар абстрактілі манекендермен алмастырылып, олар туралы ой-толғам ақындар мен философтардың цитатасы күйінде сахна кеңістігінде өрілген.

Мукарам Авахридің Кармені – уақыт пен ұлттан тыс әйелдің жинақталған бейнесі. Түспен (көк, алқызыл, сары, қызыл, қара) белгіленген кейіпкер болмысының бес тұғыры оның табиғатының түрлі қырын ашады – сенімділік пен қылымсудан үмітсіздік пен ішкі драмаға дейін.

«Астана Балет» қойған «Ma Carmen» спектаклі хореография мен сценографияның өзіндік ерекшелігімен қатар, қазіргі заманғы қойылымдарда сирек кездесетін сезімталдық, адамгершілік көңіл-күй сыйлайды. Спектакль ойын-сауықты іздейтін көрермен үшін де, спектакльден кейін «Әйел не іздейді және не қалайды?» деген фрейдтік сұрақтың шешімін тапқандай күй кешетін ойлы көрермен үшін де қызықты», – дейді балет сыншысы әрі өнертанушы Улькяр Әлиева.

Хореограф неоклассика мен contemporary dance эстетикасын біріктіріп, спектакльді әйел еркіндігі мен өзін-өзі тану табиғаты туралы философиялық ой-толғамға айналдырады.

Кештің екінші қойылымы – «Саломея» балетінде хореограф Оскар Уайльдтың түсініктемесіндегі библиялық сюжетке жүгініп, Рух пен Материя, Жарық пен Түнек қақтығысы туралы метафоралық туынды жасады.

Басты кейіпкер – femme fatale ғана емес, махаббат пен билікке деген құштарлығы өзін-өзі құлдыратқан әйел.

Спектакльдің пластикалық тілі символизм мен тұспалға толы: Саломея мен Иоанның қимылдары өмір мен өлімнің, азғыру мен сенімнің хореографиялық диалогына айналады. Өзіндік шешімдер – жарық контрасттарынан бастап сахналық метафораларға дейін (үстел-тақ, қызғылт кенеп, төңкерілген крест) – балетке библиялық трагедияның ауқымын дарытады.

Түрік композиторы Фазыл Сайдың музыкасы қойылымды шығыс экспрессиясымен және эмоционалды тереңдігімен толтырып, ал орындаушылардың мәнерлі пластикасы — Наталия Фернандес Менес (Саломея), Ерқанат Ермағамбет (Ирод), Риза Қанатқызы (Иродиада) және Сүндет Сұлтанов (Иоан) – спектакльді шынайы драмалық қойлымға айналдырады.

Мукарам Авахри бірегей театр әлемін жасап, онда әрбір бейне, ым-ишара мен музыкалық екпін – әйел туралы – оның қуаты, құштарлығы мен шабыт дарытар қабілеті туралы тұтас ойдың бөлшегіне айналады.

Бұл кеште көрермен қауым тек балетті ғана тамашалап қоймайды. Бұл классикалық канондардың орнына заманауи мағыналар пайда болатын, ал би ішкі еркіндік тіліне айналатын эмоционалды саяхат іспетті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button