Елордадағы Еңбек мобильдігі орталығында Сарыарқа ауданы прокуратурасының бастамасымен «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында 90-нан астам қала тұрғыны заңгерлік мәселелер бойынша кеңес алды.
«Акция жұмысына 18-ден астам мемлекеттік орган мен салалық ұйымның өкілдері қатысты. Жыл басынан бері 800-ден астам азаматқа құқықтық көмек көрсетілді.
Осындай ведомствоаралық өзара іс-қимылдың арқасында астаналықтар бір мезетте бірнеше маманға жүгініп, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша кешенді түсініктеме алу мүмкіндігіне ие болып отыр», – деді Сарыарқа ауданы прокуратурасының аға прокуроры Ботакөз Қайролла.
Ең жиі қойылған сұрақтар тұрғын үй, әлеуметтік және еңбек қатынастарына қатысты болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар азаматтардың білікті құқықтық көмекке қолжетімділігін арттырып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді.