Филармония қызметкерлеріне жаңа Конституцияның негізгі ережелері түсіндірілді

Филармония қызметкерлеріне жаңа Конституцияның негізгі ережелері түсіндірілді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның ұжымымен кездесу өтіп, Қазақстанның жаңа Конституциясының негізгі ережелері түсіндірілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға мәдениет мекемесінің қызметкерлері қатысты. Кездесудің спикері – филармонияның бас директоры Мәди Тайпин.
Кездесу барысында ол Конституцияның негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ Ата Заңның ел тұрақтылығы мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі рөлі туралы айтты. Сонымен қатар конституциялық реформалардың маңызына ерекше назар аударылды.

«Конституция – мемлекеттік жүйенің іргетасы әрі әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сенімді кепілі. Ол еліміздің дамуы мен нығаюында маңызды рөл атқарады», – деді Мәди Тайпин.

Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті түсініктемелер алды. Спикер мұндай кездесулердің халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтық белсенділікті қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Іс-шара ашық диалог форматында өтті, қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Ресми бөлім аяқталғаннан кейін кәсіби жетістіктерге жеткен қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.