Астанада есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу және салауатты өмір салты құндылықтарын насихаттауға бағытталған профилактикалық акция өтті. Есіл өзені бойымен Ұлттық ұлан оркестрінің сүйемелдеуімен бортында «Астана – есірткісіз қала!» және «Заң мен тәртіп» әлеуметтік баннерлері орналастырылған теплоход жүзіп өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Теплоходтағы музыкалық бағдарлама жағалауда серуендеп жүрген тұрғындардың назарын аударып, маңызды әлеуметтік үндеуді заманауи әрі әсерлі форматта жеткізуге мүмкіндік берді.
Теплоходтың жүруінен кейін іс-шара жағалауда өткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Сондай-ақ волонтерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есірткінің заңсыз айналымының салдары туралы ақпараттық материалдар таратты.