Астаналық адам-робот

XXI ғасыр – ғылым мен техниканың орасан қарқынмен дамып келе жатқан кезеңі. Бүгінгі таңда әлем елдері білім беру саласын түбегейлі жаңғыртып, оқушыларды тек дәстүрлі пәндермен ғана емес, сонымен қатар заманауи технологиялармен жұмыс істеуге үйретуді басты мақсат етіп отыр. Жасанды интеллект, робототехника, үлкен деректерді өңдеу, виртуалды шындық – осының бәрі ертеңгі қоғамның басты құралына айналмақ. Бұдан біздің еліміз де тыс қалмайды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс. Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек» деді. Бұл еліміздің алдағы уақытта жаппай цифрлы және роботтанған дәуірге көшетінінің бір белгісі десек қателеспейміз. Сол себепті қазіргі таңда ел мектептерінде түрлі робототехника үйірмелері ашылып, жасанды интеллектке қызығушылық танытқан оқушылар саны артып келеді. Жаңа ұрпақ тек тұтынушы емес, сонымен қатар жасаушы, яғни технологияның авторы болуға талпынуда. Оған Астана қаласындағы №109 «Келешек мектебінің» ұжымы мен оқушылары бірлесіп «Одиссей» атты адамға ұқсас роботты жасап шығуы толық дәлел бола алады.
Әңгімеміздің әлқиссасын әріден бастасақ, мектептің информатика пәнінің мұғалімі Дастан Дүйсенбайұлы оқушылардың шығармашылығын шыңдау үшін робототехника бағытындағы тәжірибелік жобаны қолға алуды ұсынған. Содан кейін бұл бастаманы 6-сынып оқушылары Қожахмет Ибрагимов пен Нұрсұлтан Серікжан белсенді қолдап, аз ғана уақыт ішінде өз сыныптастарына адам бейнесіндегі автоматты жасап шығарды. Мақсат – қарапайым робот құрастыру емес, адаммен табиғи байланыс орната алатын интеллектуалды жүйе жасау. Осылайша, оқушылардың арман-ойы мен ұстаздың кәсіби жетекшілігі бір арнаға тоғысып, «Одиссей» дүниеге келген.
Аты неге «Одиссей»?
Робот жасап болғаннан кейін оған ат қою оңайға соқпаған көрінеді әрі оған есім таңдау жайдан-жай жасалмаған. Құрастырушылардың айтуынша, олар оған ежелгі грек мифологиясындағы даналығы, тапқырлығы арқылы қиындықтарды жеңіп шыққан кейіпкер – Одиссейді үлгі етіп алған.
– Бұл таңдау кездейсоқ емес. Білім жолы – шытырманға толы саяхат, ал әрбір оқушы – сол саяхаттағы өз Одиссейі. Демек, роботтың атауы да оқушыларға білімге деген құштарлықтың, төзімділіктің және ізденістің символы ретінде қызмет етеді, – дейді жоба авторы.
«Одиссейдің» мүмкіндігі мол ма?
Жоба авторларының айтуынша, робот әлі де жетілу кезеңінде. Дегенмен қазіргі таңда оның бірнеше маңызды функциясы бар:
- Адамдарды бақылау. Робот кірістірілген камера мен компьютерлік көру алгоритмдерінің көмегімен адамдарды тани алады. Әңгімелесушіге басын бұрып, тірі қарым-қатынас әсерін тудырады. Бұл оқушылар үшін ерекше қызықты әрі тартымды.
- Қарапайым қимылдар жасау. Ол қолын көтеріп, оқушыға жауап бере алады. Бұл қозғалыстар балаларға роботпен байланыс орнатуда эмоционалды әсер қалдырады.
- BlackBox жасанды интеллектімен жұмыс. «Одиссей» BlackBox тілдік моделіне қосылған. Соның арқасында ол мектеп пәндері бойынша сұрақтарға жауап беріп, түсіндірме бере алады. Мысалы, оқушы: «Фотосинтез деген не?» деп сұраса, робот былай деп жауап береді: «Фотосинтез – өсімдіктердің күн сәулесін, суды және көмірқышқыл газын глюкоза мен оттегі өндіру үшін пайдаланатын процесі».
- Оқушыларды санау. Робот сыныптағы оқушылардың санын автоматты түрде есептей алады. Ол – мұғалімдер үшін пайдалы көмекші функция.
Бұл да ғылымның бір жетістігі
«Одиссей» жобасының жұмысы бірнеше заманауи технологияның үйлесіміне негізделген, олардың қатарында компьютерлік көру бар, ол камера арқылы адамды танып, қозғалысты қадағалауға мүмкіндік береді, жасанды интеллект BlackBox жүйесі табиғи тілде қойылған сұрақтарға жауап беріп, оқушылардың қызығушылығын оятады, интерактивті қимылдар арқылы робот адамға қарап қозғалып, шынайы қарым-қатынас орнатқандай әсер сыйлайды, ал модульдік құрылым қосымша мүмкіндіктерді енгізуге ыңғайлы платформа болып, жобаның болашағын кеңейте түседі, осы технологиялардың мектеп қабырғасында қолданылуы оқушыларға нақты ғылымдардың практикалық маңызын тереңірек ұғынуға жол ашады, олардың ой-өрісін дамытып, ғылым мен техниканың қолжетімді әрі қызықты екенін дәлелдейді.
Болашақ бүгіннен басталады
Жоба жетекшісі мен оқушылардың алдағы жоспары кең ауқымды болып отыр, оның ішінде бет-әлпетті тану технологиясы арқылы оқушыларды есепке алу қарастырылған, яғни әр сабақта кімнің қатысқанын автоматты түрде тіркеу мүмкіндігі іске аспақ, сондай-ақ көшіріп алуды анықтау жүйесі енгізіліп, оқушылардың қозғалысы мен көзқарасын талдау арқылы бақылау жүргізу жоспарлануда, бұдан бөлек мұғалімге көмекші қызметтерді жетілдіру көзделіп отыр, ол сабақ жоспарын жасауға, викторина сұрақтарын құрастыруға және күрделі тақырыптарды қысқаша әрі түсінікті етіп жеткізуге септігін тигізбек.
Жоба жетекшісі Дастан Дүйсенбайұлы: «Робот- адам біраз адамды таңғалдырып, балаларымыздың қызығушылығы мен ынтасы бізге үлкен күш береді деп сенеміз» дейді. Ал оқушылар өздерінің робот жасаудағы тәжірибесін өмірлік сабақ деп біледі. Олар болашақта инженер, бағдарламашы болуды армандайды.
Білім беру жүйесі үшін үлгі
«Одиссей» жобасы мектеп деңгейінде де инновациялық идеяларды жүзеге асыруға болатынын дәлелдейді. Бұл – елдегі өзге білім ордаларына үлгі болатын бастама. Осындай тәжірибелер оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырып, олардың ойлау өрісін кеңейтеді, ғылымға деген қызығушылығын күшейтіп, жаңа ізденістерге жетелейді, мұғалімдерге жаңа әдістемелік құрал ретінде көмек беріп, сабақтарды тартымды да тиімді өткізуге мүмкіндік жасайды. Жалпы алғанда, еліміздегі білім мен ғылымның дамуына серпін беріп, болашақтағы интеллектуалды ұрпақтың қалыптасуына негіз болады.
P.S: «Одиссей» – жай ғана темір қорап емес, болашақтың мектебі қандай болуы керек екенінің айқын көрінісі. Оқушылар мен мұғалімдердің ынтымағы, ізденісі мен еңбегінің нәтижесі ретінде жасалған робот Қазақстандағы білім мен технологияның жаңа белесін көрсетеді. Келешекте мұндай жобалар көбейіп, мектеп қабырғасынан-ақ болашақ ғалымдар мен инженерлер шығады. «Одиссей» – сол жолдағы алғашқы қадам, білім мен ғылымға деген махаббаттың айғағы.
Шапағат ӘБДІР



