23 маусым – Қазақстан полициясы күні мерекесі қарсаңында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Астана қаласындағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалында тұрғындар мен қала қонақтарына мерекелік концерт ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мерекелік іс-шараның басты мақсаты – вокзалдағы жолаушылар мен келушілер үшін мерекелік көңіл-күй сыйлау, сондай-ақ полиция қызметіне деген қоғамдық сенімді арттыру болды.
Концерттік бағдарлама барысында көлік полицейлері мен өнерпаздар патриоттық және халықтың сүйікті әндерін орындап, көрермендерге ерекше мерекелік атмосфера сыйлады. Вокзал жолаушылары мен қала тұрғындары концерттік бағдарламаны жылы қабылдап, полиция қызметкерлерінің шығармашылық өнеріне жоғары бағаларын берді.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары азаматтарды келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтап, полиция қызметінің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлі туралы айтып өтті. Сонымен қатар тұрғындарға құқықтық мәдениетті арттыру, көлік объектілерінде заң талаптарын сақтау және қоғамдық тәртіпті нығайту мәселелері жөнінде ақпарат берілді.
Көліктегі ПД қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстармен қатар, халықпен өзара сенімді қарым-қатынасты нығайтуға және қоғаммен ашық диалог орнатуға ерекше көңіл бөледі. Осындай мәдени-көпшілік іс-шаралар полиция мен халық арасындағы байланысты одан әрі жақындатып, өзара құрмет пен сенімді арттыруға ықпал етеді. «Баршамыз Қазақстан полициясының бай тарихын, оның даңқты дәстүрлерін, қызметтік борышын абыроймен атқарған ардагерлеріміздің ерлік жолын мақтан тұтамыз. Олар сабақтастықты сақтап, мол тәжірибесі мен баға жетпес білімін жас тәртіп сақшыларына табыстап келеді», – деп атап өтті ұйымдастырушылар. Полиция қызметкерлері әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға зор денсаулық, отбасылық амандық, қызметтеріне табыс, қажыр-қайрат, ел тыныштығы мен бейбіт аспан тіледі.
Мерекелік концерт қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын әсер сыйлап қана қоймай, полиция қызметкерлерінің азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, елдің қоғамдық және мәдени өміріне белсенді атсалысатынын тағы бір мәрте айқындады.