Астанада нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары аясында ауқымды велошеру ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара Астана әкімдігінің, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ елордалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен өтті.
Велошеруге елорда тұрғындары мен қонақтары қатарынан 1000-нан астам адам қатысты. Қатысушылар таңғы уақытта «Астана орманы» жасыл белдеуінде жиналды. Стартқа велоспорт әуесқойлары, мемлекеттік орган өкілдері, қоғамдық ұйымдар, жастар мен балаларымен келген отбасылар шықты.
Қатысушылар 21 шақырымдық маршрутты жүріп өтті.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғам назарын нашақорлық мәселесіне аудару, бұқаралық спортты насихаттау және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.
«Мұндай шаралар алдын алу әр адамның жеке таңдауынан басталатынын еске салады. Спорт адамдардың басын қосып, денсаулықты нығайтады және есірткісіз өмірді таңдаған ұрпақ қалыптастыруға көмектеседі», – деді ұйымдастырушылар.
Еске салайық, Астанада 2026-2028 жылдарға арналған есірткіге қарсы күрестің кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр.
Бағдарламаға профилактиканы күшейту, полицияның ведомствоаралық рейдтері, есірткі насихатына қарсы іс-қимыл және заңсыз контентті бұғаттауға бағытталған цифрлық бастамалар кіреді.