Қаламгерлер мен БАҚ қызметкерлері арасында Алаштың ардақтысы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған бильярдтан турнир өтті. Оны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі ұйымдастырды.
Тастаяқ бәсекесін белгілі қаламгер, ақын Нұржан Қуантайұлы ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Қойшығара Салғараұлы мен Төлен Әбдік өз естеліктерін айтты.
– Алаштың аймаңдай ұлы Ақселеудің есімін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отырған жарыстың жөні бөлек. Ақселеу Сейдімбектің салған сара жолы бар, оны ұмытуға болмайды. Ақселеу досымды еске алуға арналған турнирде бильярдтан бәсекеге түскен бауырларымның осалы болмады. Барлығы өз шеберлігін көрсетті. Төлен Әбдік екеуміз жеке дара шаппасақ та, шама-шарқымыз келгенше шар домалаттық, – деді Қойшығара Салғараұлы.
Тамаша дәстүрге айналған турнир биыл XV мәрте өтіп отыр. Тастаяқтан бәсекеге түскендерге әйгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбай төрелік етті. Турнирде 1-орынды – «Айқын-Литер» ЖШС директоры, ақын Талғат Ешенұлы, 2-орынды – «Қазақстан» ұлттық арнасының режиссері Асылхан Манапов, 3-орынды «Хабар» телеарнасының қызметкері Айдос Сыйқымбаев иеленді.