Астана мен Париж арасындағы Ынтымақтастық пактісінің бес жылдығына дайындық мәселелері талқыланды

Астана мен Париж арасындағы Ынтымақтастық пактісінің бес жылдығына дайындық мәселелері талқыланды
фото: Француз Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Париж қаласы әкімінің халықаралық және еуропалық қатынастар, сондай-ақ франкофония мәселелері жөніндегі жаңа орынбасары Одрэ Пульвармен кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесу барысында тараптар Астана мен Париж арасындағы Ынтымақтастық пактісінің алдағы 5 жылдығы аясында екі қала арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Мәдениет саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылып, екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге бағытталған концерттер, фестивальдер және өзге де мәдени іс-шараларды өткізу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, екі қаланың мәдени мекемелері арасындағы байланыстарды кеңейтуге және олардың тарихи-мәдени мұрасын ілгерілетуге ықпал ететін жаңа бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу қорытындысында тараптар қазақс-француз ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыру, сондай-ақ әріптестік байланыстарды одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

Еске сала кетейік, 2021 жылғы 6 желтоқсанда Париж қаласында Астана мен Париж арасындағы Ынтымақтастық пактісіне қол қойылған болатын. Құжатта екі астананың экономика, мәдениет, білім беру, қоршаған ортаны қорғау және қалаларды дамыту салаларындағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттары айқындалған.