«Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» жеңімпаздары анықталды

Астана қаласында дәстүрлі «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты республикалық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР заңы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Биыл сәуір айында басталған байқау тамыз айының соңына дейін бірнеше деңгейде ұйымдастырылды.
Байқаудың өңірлік деңгейіне 726 үміткер өтінім берсе, оның ішінде өңірлік саралаудан өткен 37 үміткер республикалық байқауға жолдама алды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша «Адал-Ас Trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Adal as» табиғи әрі ұлттық өнімдер дүкені (Абай облысы) бас жүлде, «Жаңаөзен сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Маңғыстау облысы) мен Әміржанова Анара Орымбайқызы (Ақмола облысы) бірінші орын, «Три Арт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Солтүстік Қазақстан облысы) және Тоқпан Әнуар Бердібекұлы (Солтүстік Қазақстан облысы) екінші орын, Жұмашева Кәмшат Берікқызы (Батыс Қазақстан облысы) және Бейсембаева Күлайша Бектайқызы (Алматы облысы) үшінші орын алды. Ал Ақмола облысынан екі қатысушы – Иманова Нұргүл Сәрсенбекқызы мен Ильин Владимир Александрович ынталандыру сыйлығына ие болды.
Марапаттау шарасына Тіл саясаты комитетінің төрғасы Е. Тілешов қатысып, байқаудың жыл сайын маңыздылығы артып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан үлкен сұранысқа ие болғанын атап өтті.