«Нұрлы жол» вокзалында «Ерлік дастаны» көрмесі ашылды

Елорданың «Нұрлы жол» вокзалында Ұлы Жеңіс күніне орай Астана қаласының Мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «Ерлік дастаны» атты архивтік құжаттардан және суреттерден тұратын көрме ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараға архив қызметкерлері, темір жол саласының мамандары мен басшылығы қатысты.
Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдиннің айтуынша, бұл көрме Ақмолада құрылған дивизиялар жөнінде сыр шертеді. Сондай-ақ осы өңірден шыққан майдангерлер, соның ішінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, Рейхстагқа Жеңіс туын алғашқы болып тіккен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, «Даңқ» орденінің толық иегері Әлмұқан Сембинов сынды қазақтың даңқты перзенттерінің ерлігі мен еңбегін ұлықтауға арналды. Елімізде Екінші дүниежүзілік соғыс өртіне шарпылмаған әуелет жоқ шығар. Сол сияқты Ақмоладағы бір отбасынан алты бірдей адамның соғысқа аттанғаны туралы да құжаттар көрмеге қойылды.
Мерекеге орай арнайы тақырыптық стендтер ілініп, тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған мазмұндағы ақпараттық материалдар көпшілік назарына ұсынылды.
Бұл көрмені 12 мамырдан бастап 15 мамырға дейін «Жібек жолы» сауда үйінен де тамашалауға болады.
Аманғали Қалжанов



