Жапонияның жетекші қаржы институттарымен инвестициялық ынтымақтастық кеңейтілуде

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин Токиода бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Сапардың негізгі мақсаты қазақстан-жапон инвестициялық және қаржылық ынтымақтастығын тереңдету, сондай-ақ Қазақстан экономикасының басым салаларына ұзақ мерзімді капитал тарту болды.
Іскерлік бағдарлама шеңберінде Холдинг басшысы Жапонияның жетекші қаржы институттарының басшылық құрамымен келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, Sumitomo Mitsui Banking Corporation (SMBC), Mitsubishi UFJ Financial Group (MUFG), Mizuho Bank, Japan Bank for International Cooperation (JBIC) және Nippon Export and Investment Insurance (NEXI) өкілдерімен кездесулер өтті.
Кездесулер барысында ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктері, жобалық және инфрақұрылымдық қаржыландыруды дамыту, сондай-ақ жапон серіктестерінің орнықты даму, энергетика, өнеркәсіп және экспорт салаларындағы бастамаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Келіссөздер барысында JBIC-пен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылып, энергетика, өнеркәсіп және критикалық пайдалы қазбалар салаларындағы жобаларды қаржыландыру мәселелері қарастырылды. Тараптар жапон капиталы мен даму институттарының қатысуымен жобалық портфельді кеңейтуге, сондай-ақ қосылған құны жоғары тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыруға жапон компанияларын тартуға мүдделілігін растады.
Кездесулер барысында Рустам Қарагойшин жапондық жетекші қаржы институттарымен әріптестікті дамыту Қазақстанның инвестициялық саясатын іске асырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті:
«Қазақстан ашық экономика қағидаттарын ұстанып, шетелдік инвестицияларды тарту саясатын жүйелі түрде жалғастырып келеді. «Бәйтерек» холдингі мемлекеттік басымдықтарды нарықтық құралдармен ұштастыра отырып, экономиканың негізгі салаларына капитал ағынын қамтамасыз етеді. Жапон серіктестерімен өзара іс-қимыл орнықты қаржылық шешімдерді қалыптастыруға және ұзақ мерзімді экономикалық өсімге бағытталған жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Жапон тарапы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын, макроэкономикалық саясаттың тұрақтылығын және «Бәйтерек» холдингінің негізгі даму институты ретіндегі рөлінің күшейіп отырғанын атап өтті. Ерекше қызығушылық орнықты энергетика, критикалық және сирек жер металдары, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және энергетикалық инфрақұрылым, сондай-ақ экспорттық және сауда қаржыландыру құралдарына бағытталған жобаларға білдірілді.
Сапар барысында Рустам Қарагойшин тараптардың уағдаластықтарын практикалық іске асыруға көшуін бекітетін бірқатар құжаттарға қол қойды:
1. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен MUFG Bank, Ltd. арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум. Құжат «Бәйтерек» холдингінің инвестициялық бағдарламасын қолдау мақсатында 200 млрд жапон иеніне дейін (1,28 млрд АҚШ доллары) қаржы тарту жөніндегі ынтымақтастықты көздейді. Ынтымақтастық орнықты даму мен баламалы энергетика салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ жобалық және инфрақұрылымдық қаржыландыру, капитал нарықтары және экспорттық-кредиттік қолдау құралдарын пайдалануға бағытталған.
Меморандум Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен қол қойылды.
2. Қазақстанның Даму Банкі мен SMBC Nikko Securities Ltd. арасындағы ынтымақтастық жөніндегі негіздемелік келісім. Келісім инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, капитал нарықтарын дамыту және жапон институционалдық инвесторларын Қазақстандағы басым бастамаларды қаржыландыруға тарту бағыттарындағы стратегиялық өзара іс-қимылдың негізгі қағидаттарын айқындайды.
3. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі мен Nippon Export and Investment Insurance (NEXI) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Құжат экспорттық кредиттеу және сауда қаржыландыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, шикізаттық емес экспортты қолдауға, сондай-ақ қазақстандық және жапондық компаниялардың қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған.
Меморандумға қол қою барысында тараптар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен Берн одағы аясындағы өзара іс-қимылды талқылады. Сондай-ақ 2026 жылғы мамырда Қазақстанның Астана қаласында Берн одағына мүше экспорттық-кредиттік агенттіктер өкілдерінің кездесуі өтетіні, ал қыркүйек айында NEXI бастамасымен Токиода осындай жиын ұйымдастырылатыны атап өтілді.
Сапар аясында Холдингтің еншілес ұйымдарының бастамалары да қарастырылды. Атап айтқанда, Қазақстанның Даму Банкі 2025–2030 жылдарға арналған сирек, сирек жер және критикалық материалдарды өндіру мен өңдеу жобаларын қаржыландыру бағдарламасын таныстырды. Жапон тарабына осы саладағы ірі жобаларды іске асыру үшін мамандандырылған инвестициялық қорға қатысу мүмкіндігі ұсынылды.
Сонымен қатар, Холдингтің Басқарма төрағасы C5+Жапония бизнес-форумы аясындағы іс-шараларға қатысып, Жапония мен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды дамытудың негізгі бағыттары белгіленді.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобалық пулдарды қалыптастыруға, институционалдық ынтымақтастықты тереңдетуге және инвестициялық бастамаларды практикалық тұрғыда пысықтауға дайын екенін растады.
«Бәйтерек» холдингі Жапонияны Азиядағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастырады және ұлттық инвестициялық саясатты іске асыру аясында жапондық қаржы институттары мен корпорацияларымен ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтуді жоспарлап отыр.



