Астанада мәдени жиын болған сайын байқайтыным торғайдай шырылдаған бір адам жүреді. Іштей осы кісінің көңілі толмайды екен деп ойлайтынмын. Сөйтсем әлгі басқосудың жақсы өтуі үшін шыр-пыр болатынын кейін түсіндім. Таныса келе Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тілдерді дамыту және ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Гауһар Елембаева екенін білдім.
20 жылдан астам уақыт аралығында қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасында еңбек етіп келе жатқан Гауһар Арыстанқызы елордадағы мектепке дейінгі білім беру мекемелері, мәдениет және медицина салаларындағы мемлекеттік тіл саясатын жүйелі іске асыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту барысында көптеген игілікті істер атқарып келеді. Ол – мемлекеттік тілдің дамуына бағытталған іс-шаралардың өтуіне бастамашы болып, іс-қағаздарының мемлекеттік тілде сауатты жазылуына, көрнекі ақпараттардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес рәсімделуіне ықпал еткен тәжірибелі маман.
- Гауһар Арыстанқызын алғаш Астанаға келген кезімнен бері танимын. 2010 жыл. Ол кезде Оразкүл Асанғазықызы қалалық Тіл басқармасында басшы болатын. Жұмыс сұрап сол кісіге барғанмын. Ол кез – Астана көшелерінің енді қазақшаланып жатқан шағы. Оразкүл апай қызметкерлерін кабинетте отырғыза бермейді екен, әр жердегі қазақша жазудың қатесін түзетуге көше кездіріп жібереді. Гауһар – солардың басты ұйымдастырушысы, атқарушысы. Қате көрсе қандалаша қадалады. Оны түзету оңай емес, қанша қағазы бар жазатын, өтініш, арыз, бұйрығы бар дегендей. Сонда риза болғанмын. Оқуды енді бітірген студентпін ғой, бәрін өздігінен жасалып жатқандай көретінмін. Әсіресе қазақша мен орысшасы қатар ілінген жарнамалардың қазақшасын дұрыстап жаздыру деген қиямет жұмыс екен. Қанша ақшаға жасалып, ілініп қойған дүниені алғызып, шығынға ұшыратып қайта ілгізу үшін қандай қайтпас қайрат керек! Жеке компанияларға сөз өткізу деген Астана үшін тіпті қиын. Гауһар – солардың тілін табудың шебері. Көзге көріне бермейтін, бірақ орындалуы ауыр сондай қызметке қуана кірісетін еңбекторының өзі. Жүсіпбек Аймауытовтың «Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын» дегені бар ғой. Гауһар – сондай табанды қызметкер. Одан кейін де шығысқа, Торғай өңіріне «Ұлылар мекені», «Ахмет Байтұрсынұлы жолымен...» деп аталатын экспедициялардың бастаушысы болды. Бәрінде де біліктілігі, жауапкершілігі ерекше көзге түседі. Ел ісінде осындай қызметкерлер көп болса деймін, – дейді жазушы Ұларбек Нұрғалым.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Әкім Тарази, Төлен Әбдік, Роза Мұқанова сынды бірқатар ақын-жазушының, Халық ақыны Қонысбай Әбілдің 70 жылдығына орай еске алу кешінің жоғары деңгейде өтуіне Гауһар бір кісідей атсалысты.
Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы бойынша филиалымен бірлесіп, қаламгерлер арасында «Қаламгер ұстаханасы» жобасын, қаладағы жас қаламгерлер арасында мүшәйра, жыршы-термешілер байқауы мен айтыс өнерін жандандыру бағытында көптеген іс-шараны жауапкершілікпен атқарады.
– Саядай әдемі арудың, Алматтай алғыр ұлдың анасы Гауһар ханым – жан жары Асылханмен бірге өте жарасымды отбасы. Бауырына жүрегін жұлып берер мейірімді қыз. Енесін қолына алып, бар жағдайын жасап отырған ибалы келін. Ол маған сол аналары үшін «Анар» деп айт қойды, өйткені енесімен аттас екенбіз. Ардақты енесін сыртта жүрсе де құрметтеп, онымен аттас адамның есімін қазақтың салтымен өзгертіп, ат тергеп жүрген оған таңғалып, тамсандым. Бүгінде бұл ежелгі дәстүрді қала түгілі, ауылдың өзінде көп келін орындай бермейтініне талай куә болып жүрміз ғой. Гауһар Арыстанқызының ділі де берік жан. Әр жылы келетін қасиетті Рамазан айын да ақ дастарханын жайып, тәтті бауырсағын пісіріп, етін былқылдатып асып, жақын-жуықтың бәріне ауызашар жасайтынына куә болдық.
«Жақсының жанындағы жарты сағат – жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген тамсану сөзі Гауһар Арыстанқызының табиғи болмысына бағытталып айтылғандай, – дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, журналист Алма Сайлауқызы.
Гауһар Елембаеваның мәдениет саласына сіңіріп жүрген еңбегі ерен. Жақында өткен айтулы іс-шарада сахна сыртында шыбын жаны шырылдап жатқан әйел адамның дауысы құлағыма келді. Қарамағындағы қызметкерлерін қуырып жатыр. Сол дауыс дәу де болса Гауһардың дауысы шығар. Ісшараның мәнді де сәнді өтуі үшін шырылдайды да...