Құқық

Алаяқтарға жол жоқ

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы жастар арасында лудомания мен қаржылық алаяқтықтың алдын алуға бағытталған «Jarqyn Bolashaq» қалалық жобасы аясында «Дропперлер: алаяқтық схемаларға қалай қатыспау керек» тақырыбында ақпараттық кездесу өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz 

Іс-шараға Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің аға жедел уәкілі Нұрғали Аязов қатысып, жастарға дропперлердің кім екені, яғни қылмыскерлердің атынан заңсыз қаржылық операциялар жасайтын адамдар туралы және мұндай әрекеттердің заң алдындағы жауапкершілігі жөнінде айтып берді.
Кездесудің басты мақсаты – жастардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру, сонымен қатар оларды банктік карталар мен шоттарды заңсыз пайдалануға тартудың алдын алу.

– Спикер студенттерге қазіргі интернет-алаяқтық түрлері мен азаматтарды қаржылық схемаларға тарту тәсілдері туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, мұндай қауіптерден қорғану жолдарын атап өтті. Әсіресе «дроппер» ұғымына ерекше тоқталды. Азаматтардың өз банк деректерін басқа адамдарға беруі немесе олардың өтінішімен заңсыз әрекеттерге қатысуы қандай ауыр салдарға әкелетінін нақты мысалдармен түсіндірді, – деді Жастармен тәрбие жұмысы және құқық бұзушылықтың алдын алу бөлімі маманы Айсулу Қайыр.

Кездесу барысында студенттер сұрақ қойып, пікір алмасып, қаржылық қауіпсіздік туралы пайдалы кеңестер алды. Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және алаяқтықтың алдын алуға ықпал етеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button