«Сәйгүлік» — үздік спектакль

Биыл Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл толуына орай сахналанған «Сәйгүлік» музыкалық драмасы Steppe awards-2025 премиясында топ жарып, «Үздік спектакль» аталымын жеңіп алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Табылды туралы спектакльдің авторы – Қазыбек Аманжол, қоюшы режиссері – Әли Бидахмет. Қойылымда бардтың студенттік күндері, одан кейін әскердегі кезеңі, ҚазМУ-ға қайтып оралуы қамтылды.
Көркем туынды болған соң, спектакльге ойдан шығарылған көріністер де кіріктірілді. Бұл сценалар спектакльді күшейтпесе, әлсіреткен жоқ.

Ал қойылымнан қыз намысын қорғау дегенде өре түрегелетін, достыққа адал, намысшыл, қаншалықты талантты болса, соншалықты қарапайым қалпынан айнымаған Табылды көрінеді. Досымов Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Алайда оны әр жерде айта бермейтін. Спектакльдегі оның Желтоқсан күндері өте әсерлі берілді. Қойылымда махаббаты туралы да айтылып, әдемі әзілдерге де орын табылды.
Табылды өз өлеңдерімен қатар Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Сағат Әбдуғалиев, Шәкизада Әбдікәрімов, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқарұлы, Светқали Нұржан, Жанат Әскербекқызы секілді әйдік ақындардың жырларына ән жазды. Сондай-ақ досы, белгілі ақын Әбубәкір Смайыловпен бірлестікте «Анашым» әні туды. Қойылымда осындай туындылар айтылады.
Ә.Мәмбетов театрының туған күніне орай және Steppe awards-2025 премиясында дауыс берген көрермендерге алғыс ретінде аталмыш спектакль 1 қараша күні тегін көрсетілді.



