Әлеумет

Астанада отбасылық жылу сыйлаған қамқоршыларға құрмет көрсетілді

Жыл сайын 29 қазанда Қазақстанда Қамқоршылар күні аталып өтеді.

Осыған орай елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз қамқорлығына алған жандарға арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бүгінде елордада 800-ден астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала қамқоршылар отбасында тәрбиеленіп жатыр. 600-ден астам қамқоршы Астана қаласы Білім басқармасы басшысының атынан алғыс хат алды. Сондай-ақ іс-шараға «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана филиалының төрағасы Күзембай Бекдайыр қатысып, қамқоршыларды мерекемен құттықтады.

Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, негізгі мақсат – балаларды мүмкіндігінше отбасында қалдыру немесе жақын туыстарына беру. Егер бұл мүмкін болмаса, балалар кандидат қамқоршыларға орналастырылады.

«Бірінші кезекте баланы өз отбасында қалдыруға тырысамыз. Бұл мүмкін болмаған жағдайда туыстарына, ал ондай мүмкіндік болмағанда, қамқоршы болуға үміткер азаматтарға тапсырамыз», – деді Астана қаласы Білім басқармасының қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің басшысы Гүлмира Жұманова.

Қазіргі таңда елордада балаларды отбасыларға орналастырудың бірнеше түрі бар: қорғаншылық және қамқоршылық, патронаттық және кәсіби қабылдаушы отбасылар. Соңғысы заңнамадағы жаңа өзгерістермен енгізіліп, балаларға тұрақты отбасына дейін үй жағдайында өмір сүруге мүмкіндік береді.

Кандидаттар міндетті түрде қабылдаушы ата-аналар мектебінен психологиялық дайындықтан өтеді. Жақын туыстары үшін бұл талап рәсім аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде орындалуы мүмкін. Әрбір үміткердің құжаттары, денсаулығы және соттылығы тексеріледі.

Ерекше оқиғалардың бірі – қызының балаларын қамқорлығына алған елорда тұрғынының батырлығы. Оның айтуынша, күйеу баласы немересінің бүйрегін қара базарда сатпақ болған. 2023 жылы ол ресми түрде қамқоршылық рәсімдеп, немерелерін өз тәрбиесіне алған. Бүгінде үлкені инновациялық лицейде оқиды, ал қалғандары өз қызығушылықтарына сай дамып келеді.

«Балаларды тәрбиелеу үлкен күш пен жауапкершілікті талап етеді. Бірақ отбасының қолдауы мен тәжірибемнің арқасында бәріне үлгеріп жүрмін», – дейді қамқоршы ана.

Бұл оқиға — Астанадағы қамқоршылардың батылдығы мен адамгершілігінің айғағы. Олар балаларға махаббат пен қауіпсіздік сыйлап, олардың бақытты болашағына жол ашады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button