Қазақстанда мақта терімі аяқталуға жақын

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 142,3 мың гектар жерден мақта жиналды, бұл жалпы егіс алқабының 98,5%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері орташа өнімділігі гектарына 24,9 центнерден 422 мың тонна шитті мақта жинады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Осы жылы мақта егуге 144,5 мың гектар жер бөлінген, оның 50 мың гектары тамшылатып суару жүйесімен қамтылған.
Қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларымен жабдықталған алқаптардың көбеюі «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» бірлескен жобасы аясында жолға қойылды.
Өткен жылмен салыстырғанда дәстүрлі тәсілмен егілетін алқаптар 9 мың гектарға қысқарды. Тамшылатып суару жүйесіне көшу су ресурстарын тиімді пайдалануға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді — бұл ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған еліміздің оңтүстік өңірлері үшін аса маңызды.
Мақта саласын дамытуға арналған кешенді мемлекеттік қолдау егістен бастап қайта өңдеуге дейінгі бүкіл өндірістік циклды қамтиды. Тұқым, минералды тыңайтқыштар, пестицидтер және суару шығындарына субсидиялар қарастырылған.
Мақта — тұқымдары 100% субсидияланатын жалғыз дақыл (басқа дақылдар үшін бұл көрсеткіш 15–50% аралығында). Сондай-ақ екінші репродукциялы тұқымдарды пайдаланған жағдайда да қолдау шаралары көзделген.
Көктемгі егіс және жинау жұмыстарына арналған жеңілдетілген дизель отыны шаруаларға беріледі. Сонымен қатар олар «Кең дала 2» және «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламалары арқылы жылдық 5% мөлшерлемемен несие ала алады.
Мақта шаруашылықтарының мәселелерін жедел шешу мақсатында 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Түркістан облысы әкімдігі жанында қоғамдық өкілдер мен өңдеуші кәсіпорындардың қатысуымен мобильді жұмыс тобы қызмет атқарып келеді.
Биыл өңдеушілер әр тонна мақта үшін 200 мың теңгеден алдын ала төлеп, сапасына қарай соңғы бағасын 250 мың теңгеге дейін белгілейді.
Қазақстанда жыл сайын 300 мың тоннадан астам шитті мақта өндіріледі, оның негізінде 70–75 мың тонна мақта талшығы шығарылады. Өнімнің шамамен 85%-ы Латвия, Түркия, Ресей, Қытай және басқа елдерге экспортталады, ал 15%-ы өз елімізде өңделеді.
Сыртқы факторларға тәуелділікті азайту мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мақтаны терең өңдеу мен тоқыма өндірісін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Түркістан облысында мақта өндірісін өркендету және тоқыма кластерін дамыту бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда. Жоба мақта өсіруден бастап дайын мата шығаруға дейінгі толық өндірістік жүйе құруды көздейді.
Негізгі бағыттардың бірі — «Түркістан облысында мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құру» жобасы.
Оны «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бірлесіп қолға алуда.
Инвестициялық жобаның жалпы құны — 146,8 млрд теңгені құрап отыр.



