Астаналық оқушы Нью-Йорк Ғылым академиясының зерттеу бағдарламасының мүшесі атанды

Астана қаласындағы Ақан Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Әділхан Аэлита әлемдегі ең беделді ғылыми ұйымдардың бірі – Нью-Йорк ғылым академиясының халықаралық Junior Academy бағдарламасына қабылданды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл – жыл сайын мыңдаған дарынды оқушы қатысуға өтініш беретін жоғары бәсекелі бағдарлама. Биыл Қазақстаннан бар болғаны 5 оқушы ғана іріктеуден өтті.
Junior Academy бағдарламасы жас ғалымдарды біріктіріп, оларға биотехнология, инженерия және тұрақты даму салаларындағы өзекті мәселелер бойынша халықаралық ғылыми топтарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қатысушылар Нью-Йорктегі жетекші профессорлармен бірлесіп зерттеу жобаларын жүзеге асырады, ал үздік жұмыстар арнайы байқауда таныстырылады.
Аэлита бұл бағдарламаға ағылшын тілін меңгеру деңгейі, академиялық жетістіктері, ғылымға деген қызығушылығы және жаһандық мәселелерді шешуге ұмтылысы арқасында қабылданды. Сонымен қатар, ол командалық жұмысқа бейімділігі мен сыни ойлау қабілетін де жоғары деңгейде көрсетті. Junior Academy қатысушыларына Launchpad платформасына қолжетімділік беріледі. Бұл – әлемнің үздік жас ғалымдарын біріктіретін элиталық ғылыми орта.
Аэлита тек академиялық жетістіктерімен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік белсенділігімен де ерекшеленеді. Оның волонтерлік қызмет сағаты 170-тен асады. Inclusive Academy жобасы аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға фортепиано мен орыс тілінен сабақ беріп, ағартушылық қызметпен айналысты. Осы еңбегі үшін «Ағынның үздік еріктісі» атанып, құны 500 000 теңгеден асатын екі SAT халықаралық емтиханына тегін дайындық курсын ұтып алды.
Оқушы сондай-ақ Kazakh Children Abroad жобасына қатысып, Англияда тұратын қазақ балаларына қазақ тілін үйретіп, ұлттық мәдениетпен байланысты сақтауға үлес қосты. Сонымен қатар, Аэлита TikTok желісінде қазақ және ағылшын тілдерінде ғылымды насихаттайтын видеолар шығарып, құрдастарын биоинженерия мен ғылымға қызығушылық танытуға қызықтырады.
Өткен жылы ол NurOrda мектебінде үш күндік тегін Bootcamp ұйымдастырып, онда қатысушылар жаратылыстану ғылымдарын оқып, сыни ойлау мен топтық жұмыс дағдыларын дамытты.
Аэлита 1-сыныптан бері №17 мектеп-гимназиясында білім алып келеді. Табандылығы мен өзіндік әдістемесінің арқасында ол шет тілдерін жетік меңгеріп, халықаралық бағдарламаларға жол ашты.