Астаналықтарды марапаттады
Республика күні қарсаңында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек салтанатты жиын өткізіп, елордамыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жағынан дамуына зор үлес қосқан бір топ азаматқа Президент Жарлығымен мемлекеттік наградаларды тапсырды.
«Биыл – бас қаламыз үшін табысты да айтулы жыл. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен және сіздердің әрқайсыларыңыздың күш-жігеріңізбен елордада үлкен жобалар іске асты. Мәселен, биыл Астанада күллі әлем көз тіккен ШЫҰ саммиті, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны сияқты ірі-ірі оқиғалар болды. Осындай іс-шаралардың арқасында біз қаланың инфрақұрылымын барынша жетілдірдік. Барлық салада даму мен өркендеу бар екені айқын көрініп тұр. Әсіресе әлеуметтік саланы дамытуға ең алдымен назар аударып отырмыз. Бұған дейін де қаншама жұмыс атқарылды. Жыл соңына дейін бірнеше нысанды ашамыз. Бұлардың бәрі сіздер сияқты еңбек адамдарының қажыр-қайраты, жақсылыққа деген ұмтылысы арқылы жүзеге асып отыр. Республика күні қарсаңында баршаңызды ұлттық мерекемізбен құттықтай отырып, Президенттің атынан мемлекеттік наградаларды тапсыруға рұқсат етіңіздер» деді Ж.Қасымбек.
Қала басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған белгілі композитор Кентау Назарбек Республика күнінің маңызы жылдан-жылға артып келе жатқанына тоқталды.
«Бүгінгі жас ұрпақ ертең елге, жерге ие болуы үшін, ең алдымен, адал еңбек етуі керек. Санасы ояу, рухы азат елдің баласы ғана өз қаласын, елін өркендетуге үлес қосады. Бақ қаламыз – Астанамыз күннен-күнге гүлдене берсін!» деген тілегін жеткізді К.Назарбек.
Елорда әкімі «Қазтұтыну одағы» жоғары сауда-экономикалық колледжінің директоры Мырзабек Күжімовке «Құрмет» орденін, Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлекпаев пен «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы, Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығының биылғы лауреаты атанған Төлен Тілеубайға «Ерен еңбегі үшін» медалін салтанатты жағдайда табыс етті. Сондай-ақ марапатталғандардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, жұмысшылар, кәсіпкерлер, ғалымдар, құқық қорғау саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, әртістер болды.