Демалушылар дән риза

«Мұнда таза ауамен демалады, емделеді әрі спортпен шұғылданады», – Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мемлекеттік мекемесіне қарасты Қатаркөл сауықтыру орталығы бас директорының бірінші орынбасары Роллан Дүйсенбай әңгімесін осылай бастады.
Реті келгенде айта кету керек, Роллан Мейрамұлы – еркін күрестен КСРО спорт шебері, кезінде дүбірлі жарыстарда сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілген, спорт десе елеңдеп тұратын азамат. Сауықтыру орталығына емделуге келген жандар таңертең тұра салып түрлі жаттығу жасайды, себебі жаттығу жасайтын арнайы бөлмелер қашан келсең де дайын. Тренажер залында жаттығу жасайтын құралдардың барлығы бар. Мекемеде қызмет ететін 200-ге тарта адамның барлығы – өз ісінің маманы. Шипажайдың музыкалық жетекшісі, әнші, продюсер Біржан Хамзиннің іскерлігі нәтижесінде аптаның әр күні би, спорт жарысы өтіп тұрады.

Жақында ғана шахматтан турнир өтті. Оған 9 демалушы қатысты. Шахматты жанына серік еткендер спорттың бұл ғажап түрін ермек үшін емес, тәрбиелік жағы мен пайдасын ескерген сияқты. Мәселен, Бейбіт Адайхан Моңғолияда жүргенде де спорт жарысына тұрақты қатысыпты. Шеберлігін паш етіп қарсыластарының барлығынан басым түсіп, жеті ұпаймен чемпион атанды. Гран-приді иеленген Бейбітке жарысты тамашалаушылар алғысын айтты. Осы жарыстың бас төрешісі Серікқали Тұрсынбеков бірінші орынды иеленген Қорлан Атушеваның турнирді өткізуге белсене араласқанын тілге тиек етті. Саят Абатов деген зейнеткер де шахматтың қыр-сырын жетік меңгергенін аңғартты. Ол үшінші орынды иеленді.
Демалушылар арасында үстел теннисінен өткен турнирде В.Казарин қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен ұтып, чемпион атанды. О.Қамзин, Т.Таурбаев екінші, үшінші орындарға ие болды.
Емделушілерге өнер адамдары бірнеше тартымды ән, күй кештерін сыйлады. Атап айтқанда, Бурабайдан Өмірзақ Құрбанов, Әйгерім Абайдуқызы, Алтын Азнабаева, Гүлім Құдысбек сияқты танымал әншілердің әндеріне жиналғандар разы.

Сауықтыру орталығының бас директоры Роза Қалиеваның айтуынша, мұнда медициналық қызметтің 50-ге тарта түрі бар. Тұзды су, магнитті терапия, балшықпен, парафинмен булау, массаж, емнің басқа да түрлерін демалушылар анықтама қағазы бойынша ала алады. Өз мамандығын шебер меңгергендер қатарында Л.Қабиқызы, Р.Валиуллин, З.Хасенова және тағы басқаларды атады бас дәрігер. Қорыта айтқанда, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мемлекеттік мекемесіне қарасты Қатаркөл сауықтыру орталығы қызметіне демалушылар алғысын айтуда.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист, Ақмола облысы



