Басты ақпаратЕл тынысы

Қаһарман Хиуаз

Мамыр айы штурман-ұшқыш, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың тағдырында ерекше орын алады. Батыр қыз осы айда дүниеге келді. Көктемнің дәл осы жаймашуақ кезеңінде өмірден өтті.

Екінші дүниежүзілік соғыс­тағы ерлігі бертінге дейін бағаланбай келсе де, бүгінде Атырау халық­аралық әуежайы оның атында. Әуе қақпасының қарсы алдында ескерткіші бой көтерді. Air Astana әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы оның атымен аталады.  Қаһарман қыз жайында спектакльдер қойылып, кітаптар жарық көрді. Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларындағы мектептерге, Атыраудағы мұз сарайына, еліміздің бірқатар шаһарларындағы көшелерге есімі берілді. Елордада да Хиуаз ­Доспанова көшесі бар.

Бас қалада батыр қыз атындағы көше осыдан бес жыл бұрын пайда болды. Бұрын жобалық атауы №23-30 көшеге оның аты қойылды. Сарайшық ауданында орналасқан, Темірбек Жүргенов және Қордай көшелерімен қиылысатын бұл көшенің жалпы ұзындығы – 500-600 метр шамасында.

Атырау облысында туған Хиуаз Доспанова Орал қаласында орта мектепте оқығанында-ақ сол шаһардағы аэроклубта ұшқыштар дайындайтын курсқа қатысты. Нәтижесінде мектепті үздік аяқтағаны туралы аттестатпен бірге «Запастағы ұшқыш» куәлігін қоса алып шықты. Содан соң арман арқалап, Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспек ниетпен Мәскеуге аттанады. Алайда ондағылар академияға тек ерлер ғана қабылданады деген желеумен қазақ даласынан келген қыздың құжаттарын қабылдамай қояды. Өжет қыз сонда да кері қайтпай, Мәскеудің бірінші медициналық институтына емтихан тапсырмай-ақ оқуға түседі. Бұл жерде оның орта мектепті «Алтын медальмен» бітіргені ескерілген.

Соғыс өрті бұрқ ете қалғанда майданға өз еркімен сұранады. Сондағы ойы –медбике немесе санитар болу. Бірақ атақты ұшқыш Марина Раскованың қыз-келіншектерден құралған авиаполк жасақтап жатқанын естіп, соған жазылады. Штурмандар тобына қабылданып, Саратов облысының Энгельс қаласында ұшқыштардың жеделдетілген курстарынан өтеді. 1942 жылдың көктемінде майданға аттанады. 588-гвардиялық авиациялық полк құрамында аспанда жасын ойнатады. Бұл полк кейіннен Таман түбегін, Феодосия қаласын жаудан азат етіп, Кезлин шаһарын басып алады. Осы ерліктері үшін полкке «Қызыл ту» және ІІІ дәрежелі Суворов ордені беріліп, 46-гвардиялық полк атауын иеленеді.

Әрине, бұл ерліктердің бәріне ­Хиуаз Доспанованың қосқан үлесі зор. Оның полкі Солтүстік Кавказ, Қырым, Кубань, Украина, Беларусь, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысты. Фашистер түн үшінде ұшып келіп, жауды талқандайтын бұл полкті «Түнгі мыстандар» деп атап кетті. Қазақ қызының өзі қан майданда 300-ден аса жауынгерлік операция орындады. Төрт рет ауыр жараланса да, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Хиуаз шебер штурман болды. Кеңес Одағының Батыры Марина Чечнева Хиуаздың шеберлігі жайлы кейіннен «Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға ылғи да дәл апаратын және өз аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын» деп жазды.

Хиуаз Доспанова І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталды.

Жеңісті Берлиннің түбінде қарсы алған қаһарман қыз гвардия аға лейтенанты атағына дейін жетті. Соғыстан оралған соң медицина институтында оқуын жалғастырам деп жоспарлаған еді. Бірақ Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мінайдар Салин оны партиялық-саяси қызметке шақырды. Бұл ұсынысты қабылдаған Хиуаз Доспанова облыс­тық партия комитетіне нұсқаушы болып орналасты. Бір жылдан кейін Алматыдағы жоғарғы партия мектебіне аттанды. Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің хатшысы, Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы болды. Қаз КСР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. Хиуаз Доспанова «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға, «Медеу» спорт кешенін салуға және Алматыдағы көптеген тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына үлес қосты. Бірақ соғыста алған жарақаттары мен контузиядан кейін денсаулығы жиі сыр бере бастады. Сондықтан зейнетке қырық жасына жетпей, 1959 жылы шығуға мәжбүр болды.

Хиуаз Доспанова туралы ең алғашқы болып әскери журналист, ақын Сағынғали Сейітов жазды. Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың Хиуаз туралы жазбасында «Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына – 305, Леонид Беда – 211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ…» деп жаза келе, Хиуаз Доспанова шағын ғана фанера ұшақпен 300-ден астам рет әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да, бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жазды.

Хиуаз Доспанованың ерлігінің насихатталуына, есімінің нысандарға берілуіне атыраулық журналист Тұрсын Қалимова көп үлес қосты. Бұған қоса, «Хиуаз» және журналист, ақын Серікбол Хасанмен бірге балаларға арналған «Хиуаз Доспанова кім?» кітаптарын жазып шығарды. Балалар демекші, ақын Әлия Дәулетбаева, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан перзенттеріне Хиуаз есімін берді. Жуырда батыр қыз туған Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы оның атындағы ауылда шағын музейі ашылды. Бұл – қаһарман қыздың ерлігі елдің есінде екенін және ешқашан ұмытылмайтынын білдіреді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button