Әлеумет

Құрбан айт қабыл болсын!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Құрметті отандастар! Қадірлі жамағат! Сіздерді асыл дініміздегі ұлық мейрам – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Баршаңызға мол бақыт, мықты денсаулық, отбасыларыңыз­ға амандық пен жұмыстары­ңызға береке тілеймін!

Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.

Бағзы заманнан бері ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың ең үлкенін әрі жақсысын құрбандыққа шалып, құрбандық етін көмекке мұқтаж жандарға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру, отбасын қуанышқа кенелту сынды амалдар – дәстүрімізде қалып­тасқан ізгі құндылықтар.

Құрбан айт – иісі мұсылман баласының ең ұлық мерекелерінің бірі. Өйткені ол – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) бастау алатын бұл мереке Алланың әміріне шексіз мойынсұнудың нағыз көркем үлгісін паш етеді.

Аллаға деген шынайы адалдық пен мойынсұнуға тәрбиелейтін бұл мейрам мұсылман баласын тақуа­лыққа жетелейді. Бұл туралы қа­сиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят) делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Құрбан айт – Жарат­қанға жақындаудың, тақуалық пен жан тазалығын арттырудың, мұқтажға қол ұшын созып, сауапқа кенелудің мерекесі. Айт күндері адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, бауыр­малдық пен жанашырлықтың, татулық пен бірліктің көркем үлгісін көрсетеді. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт күндері «Айт – татулық мерекесі» татуласу акциясын ұйымдастырады. Мұндағы мақсатымыз – араздасқан ағайынды, бір-бірімен ренжіскен жандарды татулас­тыру. Сондықтан мол сауап жазылатын қасиетті күндерде бір-бірімізді кешіріп, кеңшілік жолын ұстанайық, ағайын!

Алла қаласа, айт күндері «Құрбан айт – ұлық мереке» тақырыбында республикалық деңгейде игі іс-шаралар ұйымдастырылады. Облыс­тық, қалалық және аудандық мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар ұйымдастырылады. Жер-жерде мәдени-рухани кештер өтеді. Осы ретте еліміздегі барша жамағатты ұлттық киімдерімізді киіп, айт мерекесін дәстүрімізге сай ұлттық нақыштармен өткізуге, игі бастамаларымыз­ға белсенді түрде атсалысуға ­шақырамын.

Құрбан айт – тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты паш ететін рухани мейрам. Осы орайда еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айтта мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін.

Ардақты ағайын! Өзде­ріңіз білесіздер, Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақсаты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері халыққа қолайлы әрі ашық қызмет көрсету мақсатында еліміз бойынша qurban.muftyat.kz онлайн-құрбандық платформасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба ҚМДБ бастамасымен 2020 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп, жыл сайын техникалық тұрғыда жаңартылып, жетілдірілуде. Онлайн-құрбандық жобасының негізгі мақсаты – азаматтарға құрбан шалу рәсімін заманауи цифрлық форматта оңай әрі сенімді түрде орындауға мүмкіндік беру, сондай-ақ мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді жүйелі ұйымдастыру. Игі бастама аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт күні республика деңгейінде қайырымдылық іс-шараларды жүзеге асырады. Барша халықты сауапты іске үлес қосуға үндеймін. Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде халқымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.

Қасиетті айт күндері әр шаңыраққа береке, әр отбасыға амандық тілеймін. Алла Тағала шалған құрбандықтарыңызды, жасаған дұға-тілектеріңіз бен игі амалдарыңызды қабыл етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Жаратқан Иеміз халқымызға бақ-береке, мол ризық, ынтымақ пен татулық нәсіп етсін! Құрбан айт мерекесі құтты болсын!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылман­дары

діни басқармасының

төрағасы, Бас мүфти

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button