Мәдениет

Тәңіртау түлегінің туындылары

Ұлттық академиялық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, елші-дипломат Әділ Ахметтің 85 жасқа толуына орай «Тәңіртау түлегі» атты шығармашылық кездесу және оның кітаптарының таныстырылымы өтті.

Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар қатысты. Мерейтой иесіне Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын аталмыш министрліктің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет оқып берді. Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омаров, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, журналист-жазушы, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанұлы, т. б. жылы лебізін жеткізді.

Жиында Әділ Ахметовтің «Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті» атты монографиясының екінші басылымы, сондай-ақ «Викиңдердің ізімен», «Колумб дәуірінен бұрынғы Америкалық үндістердің Алтайлық тегі», «Алтайские корни Американских индейцев доколумбовой эпохи» атты еңбектері таныстырылды.

«Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті» монографиясында автор әлемдік саясаткерлер мен Нобель сыйлығы лауреаттарының қазіргі жаһандану үдерісіндегі геосаяси көзқарасы мен тұжырымын саралайды. Кітап халықаралық қатынастар, саясаттану және дипломатия саласына қызығушылық танытатын мамандар мен жас зерттеушілерге арналған.

Ал «Викиңдердің ізімен» еңбегінде ежелгі скифтер мен викиңдер өркениетінің тарихи сабақтастығы антропология, археология, генетика, палеолингвистика секілді ғылым салаларының деректері негізінде қарастырылады. Автор көне скандинавиялық викиңдердің тамыры ежелгі Скифия өркениетімен байланысты болуы мүмкін деген ғылыми пайымдарды ұсынады.

Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Колумб дәуірінен бұрынғы Америкалық үндістердің Алтайлық тегі» және «Алтайские корни Американских индейцев доколумбовой эпохи» монографияларында Америка құрлығына көне дәуірлерде Алтай өңірінен қоныс аударған байырғы тайпалардың антропогенездік болмысы ғылыми тұрғыда зерделенеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button