Елордамен қатар қанат жайған

Бас қаладағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл – тек бір жоғары оқу орнының ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның білім мен ғылым саласындағы биік белесінің мерекесі. 1996 жылғы 23 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған университет аз уақыт ішінде елорданың ғана емес, тұтас елдің рухани-ғылыми орталығына айналып, үш онжылдық ішінде мыңдаған жасқа сапалы білім беріп, ұлттық ғылым мен зияткерлік әлеуеттің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде 100 мыңдай маман даярлаған іргелі университетте қазір 27 мыңнан астам студент білім алуда, ал оқу және ғылыми үдерісті шамамен 3 мың оқытушы мен қызметкер қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 200-ден астам білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып, жасанды интеллект, инженерия, ядролық физика, биотехнология және басқа да бағыттарда халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми зерттеулерді белсенді дамытып келеді.

Бас қаламен бірге өркендеген
Университеттің қалыптасу жолы мен өркендеу барысы елорда тарихымен тығыз сабақтас. 1997 жылы Есілдің жағасына ірге тепкен Астана қалай жаңарып, өсіп-өркендеп, дамып-көркейіп, заманауи келбетке ие болса, Еуразия ұлттық университеті де сол үдеріспен қатар дамып, халықаралық деңгейде танылған беделді білім ордасы болып қалыптасты.
Қазіргі таңда ғылым мен инновацияның, шығармашылық пен ізденістің тоғысқан ортасына айналған бұл шаңырақтың халықаралық беделі де жыл өткен сайын арта түсті. Университет Жоғары мектеп ғылымдарының халықаралық академиясына, Еуразия университеттері қауымдастығына, ТМД және Балтық елдерінің халықаралық зерттеулер қауымдастығына, сондай-ақ Халықаралық университеттер қауымдастығы мен Еуропалық жоғары оқу орындары қауымдастығына мүше болды. 2005 жылы Болон хартиясына қол қойып, еуропалық білім беру кеңістігіне белсенді кіруге жол ашты.

«Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленген білім ордасының жетістіктері халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. 2005 жылы Оксфордта «Біріккен Еуропа» халықаралық медаліне ие болса, 2006 жылы Сократ атындағы халықаралық наградамен марапатталды. 2007 жылы «ТМД-ның ең үздік компаниясы» алтын жұлдызын иеленген университет 2010 жылы QS World Universities рейтингі бойынша әлемнің үздік 500 жоғары оқу орны қатарына енген Қазақстандағы алғашқы университет атанса, 2026 жылы бұл көрсеткіш бойынша 317-орынды иеленді. Бұл жетістік университеттің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, қазақстандық жоғары білімнің жаһандық білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілетін айқын көрсетті. Міне, осындай биік жетістіктерге қол жеткізген жоғары оқу орнының 30 жылдық мерейтойын салтанатты деңгейде атап өту – бір жағынан, университеттің үш онжылдықтағы толағай табыстары мен тарихи белестерін қорытындылау, екінші жағынан, білім мен ғылым саласындағы жаңа мақсаттар мен болашақ даму бағыттарына нық қадам басудың айқын көрінісі. Яғни бұл мерейтой – өткенге тағзым жасап қана қоймай, келешекке деген сенім мен ұлт болашағын тәрбиелеудегі жауапкершілікті терең сезіндіретін маңызды рухани оқиға.
Жаңадан ашылған шеберхана
30 жылдыққа арналған салтанатты іс-шаралар 22 мамыр күні Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жоғары деңгейде аталып өтіп, мерейтой аясында университеттің жетістіктері, ел ғылымы мен біліміне қосқан үлесі кеңінен насихатталды.
Мерейтой бағдарламасы аясында халықаралық Лу Бань шеберханасы ашылып, оның лентасын қию рәсіміне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь қатысты. Бұл орталық – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоғары білікті техникалық кадрлар даярлауға бағытталған Қазақстан-Қытай бірлескен инновация жобасы. Ол Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесіп жүзеге асырылған және техникалық әрі IT-білім беруді дамытуға, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған. Сонымен қатар бұл орталық университеттің инновациялық экожүйесін кеңейтіп, халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

30 жылдың өнегесі, келешектің керегесі
Ғылыми кеңестің салтанатты бөлігі театрландырылған прологпен, бейнепрезентациямен және мерекелік флешмобпен жалғасты. ЕҰУ-дың басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов салтанатты жиналыстың беташар сөзін сөйлеп, еліміздің білім, ғылым саласына айрықша үлес қосып жүрген ғалымдарды, оқытушыларды мерейлі 30 жылдық мерекемен құттықтады.
– Биыл аталып өтіп жатқан университет мерейтойы бұл жай ғана күнтізбедегі дата емес, бұл – осында білім алған, еңбек еткен, ұстаздық еткен, армандаған және болашақты бірге қалыптастырған барлық буын өкілдерінің ортақ мерекесі. 30 жыл – үлкен еңбек пен жауапкершіліктің, кәсіби адалдық, білім мен ғылымға қызмет етудің айшықты жолы. Осы уақыт ішінде университет қабырғасында мыңдаған тағдыр тоғысты, ғылыми жаңалықтар жасалды, ұстаздық дәстүр қалыптасты, студенттік армандар қанат қақты. Жарқын бастамалар, батыл идеялар мен күнделікті тынымсыз еңбек университетіміздің бүгінгі беделі мен абыройының негізін қалады, – деп атап өткен ол оқу орнының ұжымына айрықша алғысын білдірді.
Алыс-жақыннан жолданған ықылас
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жиын барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқып берді. Мемлекет басшысы өз құттықтауында Еуразия ұлттық университетінің тәуелсіз Қазақстанмен бірге қалыптасып, бүгінде елдің жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналғанын атап өтті. Сонымен қатар жарты ғасырлық тарихы жоқ әлем университеттері арасында ЕҰУ-дың жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгеніне ерекше тоқталып, оқу орнының алдағы уақытта да білім мен ғылым саласындағы көшбасшылық ұстанымын нығайта беретініне сенім білдірді. Президент университет түлектерінің еліміздің түрлі саласында табысты еңбек етіп жүргенін айта келе, ЕҰУ-дың болашақта да бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын маңызды ғылым, білім беру орталығы болып қала беретініне назар аударды.
Әзербайжан, Ресей, Беларусь президенттері де құттықтау хаттарын жіберіп, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосып келе жатқан оқу орындарына алғысын білдірді. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері, шетелдік серіктестер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары және ЕҰУ түлектері құттықтау хаттарын жолдады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі, ЕҰУ түлегі Саясат Нұрбек өз сөзінде университеттің ел ғылымы мен жоғары білім жүйесіндегі орнына ерекше тоқталды. Министр оқу орнының 30 жыл ішінде заман талабына сай білікті де бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды басты мақсат етіп келе жатқанын атап өтті.
Салтанатты жиналыстың соңы ЕҰУ-дағы өнер ұжымдарының концерт бағдарламасымен жалғасын тапты. Айта кетейік, қазіргі таңда аталған оқу орнында 5000 белсенді студент пен 3000-нан астам еріктіні біріктіретін «Шаңырақ», «Дала сазы», «Топжарған» сынды жастардың 70-тен аса рухани-шығармашылық, студентік клубтары жұмыс істейді.
Мерейтой аясында университет аумағында студенттер, оқытушылар, түлектер және қонақтарды біріктірген мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Қатысушылар үшін палау фестивалі, мерекелік концерт, ұлттық ойындар, көрме және интерактивті алаңдар, сондай-ақ ЕҰУ түлектерінің кездесуі өтті. Бағдарламада қазақстандық өнерпаздардың шығармашылық қойылымдары, спорт ойындары мен университеттің көпұлтты мәдениетін және студенттік рухын бейнелейтін мерекелік іс-шаралар қамтылды.
P.S: Қазір Қазақстанда жоғары оқу орындары аз емес, жыл сайын көбейіп келеді. Шетелдік оқу орындарының филиалдары да ашылып, білім саласындағы бәсеке күшейе түсуде. Дегенмен тәуелсіз елдің жаңа астанасымен бірге қалыптасып, елордамен қатар қанат жайған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің орны әрдайым ерекше. Өйткені ЕҰУ – тек білім ордасы ғана емес, елорданың рухани-ғылыми келбетін қалыптастырған, тәуелсіз Қазақстанның зияткер ұрпағын тәрбиелеген маңызды академиялық орталық.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ


