Ел тынысы

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғармен сұхбат.

– Ербол Қабдығалиұлы, мемлекеттік қызметтер адам өмірінде қандай орын алады?

– Әр адам өмір бойы мемлекеттік қызметтермен үнемі бетпе-бет келеді. Туу туралы куәлік алудан бастап, баланы балабақшаға немесе мектепке орналас­тыру, емханаға тіркелу, жәрдем­ақы рәсімдеу, анықтама алу, жылжымайтын мүлікті тіркеу сияқты және басқа да өмірлік маңызды қызметтердің барлығы осы салаға жатады.

– Ербол Қабдығалиұлы, мемлекеттік қызмет көрсетуде жиі орын алатын кемшіліктер қандай және азаматтар өз құқығын қалай қорғай алады? Осы мәселеге тоқталып өтсеңіз.

– Тәжірибеде мемлекеттік қыз­мет көрсету барысында бірқатар бұзушылық кездеседі. Олардың ішінде қызмет көрсету мерзімінің бұзылуы, артық құжаттар талап ету, қызмет көрсетуден заңсыз бас тарту, сондай-ақ азаматтарға толық әрі нақты ақпарат бермеу жағдайлары жиі орын алады. Мұндай мәселелер азаматтардың құқығының бұзылуына әкелуі мүмкін. Азаматтар мемлекеттік қызмет көрсету барысында құқығы бұзылған жағдайда бірнеше жолмен шағымдана алады. Атап айтқанда, уәкілетті органға жазбаша немесе электрондық түрде жүгіну, «электрондық үкімет» порталы, «E-Otinish» бірыңғай платформасы, сондай-ақ «EgovKzBot2.0» Telegram-боты арқылы өтініш жолдау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар азаматтар тікелей аумақтық департаментке жүгініп, өз мәселесін көтере алады.

– «EgovKzBot2.0» Telegram-­боты арқылы келген сұрақтар және өтініштер бойынша департаменттің жұмысы қалай атқарылады?

– Азаматтардың құқығын қалпына келтіру, мемлекеттік қызмет сапасына қанағаттануын арттыру және жүйеге сенімін нығайту мақсатында азаматтардың өтінішін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай «EgovKzBot2.0» Telegram-боты жұмыс істейді. Айта кетсек, осы жыл басынан бастап 100-ден аса әр түрлі сұрақ бойынша шағым келіп түсті және департамент тарапынан азаматтарға тиісті түсініктеме мен жауаптар беріліп, оның ішінде 5 адамның мәселесі нақты шешіліп, құқығы қалпына келтірілді. Мысалы:

Қызмет көрсету мер­зімін сақтамау

Департаментке бір азаматшадан баласын емханаға тіркей алмай отырғаны туралы шағым түсті. Қызмет алушы сәуір айының басында баласын тіркеуге өтініш жолдағанымен, жауаптың кешігуіне және күту уақытының созылып кетуіне байланысты медициналық көмек ала алмайтынын баяндаған. Департамент тарапынан жүргізілген жұмыс­тар мен құзыретті органға жолданған сұраныстар нәтижесінде азаматшаның бұзылған құқығы толық қалпына келтірілді. Атап айтқанда, баласы емханаға тіркеліп, тіпті дәрігердің қабылдауына да жазылды. Осылайша, департаменттің араласуымен мемлекеттік қызмет көрсетудегі кедергілер жойылып, мәселе оң шешімін тапты.

Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны алу үшін өтінішке қызмет көрсету нәтижесінің кешіктірілуі

Telegram-ботқа бір азаматшадан мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің бұзылуына қатыс­ты шағым түсті. Қызмет алушы 2026 жылдың 2 наурызында асыраушысынан айырылу бо­йынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындауға өтініш бергенімен, 26 наурызға дейін ешқандай жауап ала алмағанын жеткізген. Департаментпен қабылданған шаралар барысында, уәкілетті органның мәліметі бойынша, азаматшаның өтінімі ақпарат жүйелеріндегі техникалық ақауларға байланысты қызмет берушіге жетпегені анықталды. Осыған байланысты азаматшаға өтінімді қайта жолдау немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүгіну ұсынылды. Бұл жағдай мемлекеттік органның бақылауына алынып, қызмет алушыға өз құқығын «e-Otinish» порталы немесе департаментке тікелей жүгіну арқылы қорғау мүмкіндігі түсіндірілді.

– Бақылау жұмысының ­қорытындысы қандай?

– Жалпы алғанда, біздің бақылау жұмыстарымыз мемлекеттік қызмет көрсету саласында әлі де екі негізгі кедергінің бар екенін көрсетіп отыр, олар: адами фактор және техникалық олқылықтар. Біріншіден, кейбір жағдайларда қызмет берушілер тарапынан істі созбалаңға салу немесе негізсіз талаптар қою деректері кездеседі, бұл азаматтардың заңды құқығының бұзылуына әкеп соғады. Мұндай кезде тікелей араласуымыз мәселенің жедел шешілуіне және жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, ақпарат жүйелеріндегі техникалық ақаулардың салдарынан өтінімдердің дер кезінде өңделмеуі – жиі кездесетін мәселе. Қорытындылай келе, департаменттің бақылау жұмысы мемлекеттік органдардың жұмыс сапасын арттырып, қызмет алу процесіндегі бюрократиялық кедергілерді жоюға бағытталған. Біз үшін ең басты көрсеткіш – заң аясында әрбір өтініштің сапалы әрі дер кезінде орындалуы.

– Ербол Қабдығалиұлы, әңгімемізді түйіндей келе, оқыр­манға айтар негізгі ойыңыз қандай? Мемлекеттік қызмет сапасын жақсартудағы басты түйін не?

– Қорытындылай келе, қызмет алушылардың бұзылған құқығын қалпына келтіру – бұл тек мемлекеттің міндеті ғана емес, азаматтар мен жүйе арасындағы сенімнің негізі. Әрбір азамат сапалы мемлекеттік қызмет алуға құқылы және біздің департамент осы құқықтың іс жүзінде орындалуын басты назарда ұстайды. Егер мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқығыңыз бұзылған жағдайда, департаментке Сарыарқа даңғылы, 13 мекенжайы бойынша жазбаша немесе электрондық түрде «Е-Otinish» азаматтардың барлық өтінішін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы және «электрондық үкімет» порталы арқылы жүгіне аласыз, сондай-ақ «EgovKzBot2.0» Telegram бот-платформасы арқылы да хабарласуға мүмкіндік бар. Департаменттің әлеуметтік желідегі парақшалары халық үшін әрдайым ашық, біз кез келген сұраққа жауап беруге және азаматтардың мәселесін шешуге әрқашан дайынбыз.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button