Абай аманаты
Қазіргі уақытта қоғам Абайдың «толық адам» іліміне ерекше көңіл бөле бастады. Қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту әрі тәрбиелеу аса маңызды, ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін зерттеп, зерделеп болашақ ұрпаққа тәрбие беру бүгінгі күннің басты мәселесі екенін ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында баса назар аударып айтқаны мәлім. Осы мұратты жүзеге асыру барысында Астананың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Абай аманаты» эксперименттік алаңы жұмыс істеуде.
Адам болам десеңіз…
Абайтанушы Мекемтас Мырзахметов те «Бүкіл оқу орындарындағы тәлім-тәрбие беретін оқулықтар Абайдың «Толық адам» ілімі негізінде қайта жазылуы тиісті. Бұл рухани қажеттілік» деген болатын. «Толық адам» ілімі негізіндегі жас ұрпақты тәрбиелеудің де басты мақсаты – жастарды рухани кемелдендіру арқылы қоғамды жетілдіру.
– Мемлекет басшысы айтқан «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» үлгісіндегі негізгі құндылықтар қазіргі уақытта Астананың білім беру мекемелерінде, оқу ордаларында, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында нәтижелі жүзеге асырылуда. Мысалы, №4 «Аружан, 8 «Думан», 16 «Шағала», 17 «Ер-төстік», 18 «Аяжан», 27 «Балауса», 28 «Жұлдыз», 32 «Балдаурен», 39 «Меруерт», 49 «Алтынай», 50 «Жұлдыз», 56 «Береке», 59 «Аққанат», 78 «Асыл», 79 «Шабыт», 81 «Әсемгүл», 86 «Зияткер», 91 «Еңлік», 98 «Мирас» мектепке дейінгі ұйымдарында сәтті іске аса бастады, – дейді Астана қаласы Әдістемелік орталық басшысы Сындар Дауешова.
Сындар Мұратқызының айтуынша, ұлттық құндылықтарды және салт-дәстүрді насихаттау жұмыстары бағдарламаға сәйкес жүргізілуде. Сол сияқты тәрбиешілердің бастамасы бойынша Абай бұрышын ұйымдастыруға ақыл-кеңестер беріліп, күнделікті өмірде маңызды тақырыптармен де ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдағы өзекті тақырыптарға мысалы, «Буллинг», «Суды үнемдеу», «Энергия үнемдеу», «Тағам үнемдеу» сияқты маңызды мәселелерді ортаға салып, талқылап, жас өркеннің ой түйіп, өмірден адаспай жол табуына жәрдемдеседі.
«Толық адам» болуды Абайдан үйрену
– Әдістемелік орталық ұйымдастырған «Профессор сабағы» жобасы аясында «Абай аманаты» атты оқыту семинарлары 2024-2025 оқу жылында «Біртұтас тәрбие – ұлт жетістігі» атты бағдарламаның негізгі ережелеріне сәйкес өткізіліп, қыркүйек айынан бастап маңызды іс-шара ретінде жүйелі жүргізілуде. Бағдарлама мазмұнына сәйкес құндылықтарға негізделіп жоспар түзіліп, ауқымды жұмыс жасалып жатыр, – дейді Сындар Дауешова.
«Абай аманаты» эксперименттік алаң барысында мектеп жасына дейінгі балалардың бойына ұлы ақынның баға жетпес мол мұрасын санасына сіңіріп, өскелең ұрпақтың ұлттық рухы мен патриоттық сезімдерін ояту мақсатында алғаш рет мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Тәуелсіз Қазақстан бүлдіршіндерінің – Абай деп соққан жүрегі» атты балабақша тәрбиеленушілеріне арналған қалалық байқауы өткізілді. Байқауда бүлдіршіндер Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп нақышына келтіріп орындап, іс-шара барысында өрендер патриоттық сезімдерін, ұлтына, туған жеріне деген сүйіспеншіліктерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Байқау кезінде көрме ұйымдастырылып, көріністер қойылды.
– Ұлы ойшыл, әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби адами құндылықтарды айта келе, «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген қағидасы, дана ойшылдың білім мен тәрбие жөніндегі ілімдері бүгінгі күні өзінің маңызын жойған емес. Осындай көзқарасты дамытып, өзінің шығармаларына арқау еткен қазақтың дана ойшылы, ұлы данышпаны Абай Құнанбаев екені – бар қазаққа мақтаныш, үлгі, өнеге. Дана Абай атамыздың қара сөздері, мақал-мәтелдері, өлеңдері тұнып тұрған тәрбие, – дейді Сындар Мұратқызы.
Әдістемелік орталық басшысының айтуынша, қазақтың біртуар тұлғасы, ақыны, ойшылы – Абай бабамыздың қалдырған мол мұрасын жас бүлдіршіндерді тәрбиелеу, оларға ұлттық сана-сезім және патриоттық жоғары сезімдерді қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жоспар бойынша атқарылып жатыр. Бұл істе елорда мектептері еліміздегі оқу ордаларына үлгі болуы тиіс деп есептейді.
P.S: Бүгінгі күні Абай үлгісінде болашақ ұрпаққа саналы да салиқалы рухани тәрбие беріп, «ыстық қайратты», «нұрлы ақылды», «жылы жүректі» жас ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздар мен тәрбиешілер алдында тұрған үлкен міндет. Өсіп келе жатқан ұрпаққа парасат дәнін ексек, ел ертеңіне алаңдайтын, мемлекетін сүйетін жастар өсіп шығары сөзсіз.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ