Мемлекеттік награда алды

Президент Жарлығымен мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік награда тапсырылды. Бұл қатарда Астана қаласының Мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің қызметкерлері де бар, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің дирижері Нұрлан Бекеновке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Музыкалық жас көрермен театрының актері Аян Өтепберген «Құрмет» орденімен, осы өнер ұжымының тағы бір әртісі Нұржас Сәдірбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Нұрлан Алданышбайұлы — дирижер ғана емес, күйші-композитор. Шығармашылық жетістіктеріне тоқталсақ, «Өз елім» халықаралық фестивалінде «Дирижерлеу» аталымында бірінші орынды алса, «Орақты батыр» атты күйі «Елге арнау» республикалық композиторлар байқауында 3-орынды иеленді. Астаналық филармонияда оның қызмет істегеніне 30 жылға жуықтады. Бастапқыда домбырашы болды, ал 2008 жылдан бері дирижер ретінде еңбек етіп келе жатыр.
Аян Өтепберген көпшілікке «Жаужүрек мың бала» көркем фильміндегі Таймас бейнесі арқылы таныс. Музыкалық жас көрермен театрында ол негізінен бас кейіпкерлерді сомдайды. Соның бірі, белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаевтың «Шәкәрім» музыкалық драмасындағы (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров) Шәкәрім бейнесі.
Ал Нұржас Садырбаев жуырда «Көкжиектен асқан үн» (Voice Beyond Horizon) халықаралық музыка байқауында Қазақстан намысын қорғап, жоба жеңімпазы атанды.
Мемлекеттік награда алған дарынды өнерпаздарға құтты болсын дейміз.



