Бас жоспарға түзетулер енгізілді

Кеше елорданың Қоғамдық кеңес мүшелері Астана қаласының Бас жоспарына енгізілетін түзетулерді талқылады. Айта кетейік, 2035 жылға дейінгі Бас жоспар жаңа жобалар мен көлік жүйесіне сәйкес түзетіліп отыр.
Нақты айтқанда, инвестициялық жобалар, әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейту және ауқымды көлік құрылымын жаңарту ескерілген. «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ бас директоры Руслан Жақыповтың айтуынша, бұл – елорданың одан әрі дамуына арналған жаңартылған құжат. Қала бүгінде бұрынғы болжамдардан да жылдам дамып келеді. Түзетілген Бас жоспар мектеп пен балабақшалар, медициналық мекемелер мен спорт нысандарын салуға, сондай-ақ жол желісі мен қоғамдық көлікті дамытуға бейімделген. Яғни, Бас жоспарды түзету жобасы аясында түрлі бағыттар бойынша шамамен 300 инвестициялық жоба ұсынылды, олардың 130-на түзетулер енгізілді.
Айта кетейік, түзетудің маңызды кезеңдерінің бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту. Елордада көлік жүктемесі жоғары аймақтарды жеңілдету үшін екі деңгейлі жолайрықтар мен жаңа магистральдар салу көзделіп отыр. Сонымен қатар мамандар қоғамдық көлікті одан әрі дамытуға, оның ішінде LRT желісін кеңейтуге және қарқынды дамып жатқан аудандарға жаңа бағыттарды енгізуге басымдық беруде.
Әлеуметтік инфрақұрылымда да елеулі өзгерістер болады. Бас жоспар Астана халқының алдағы өсімін ескереді. Болжам бойынша, 2035 жылға қарай қала халқы 2,3 миллион адамға жетуі мүмкін. Бұрын бекітілген құжатта 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау нысанын салу қарастырылған еді. Енді бұл көрсеткіштер жаңа тұрғын алаптарының дамуы мен ірі инвестициялық жобалардың құрылысына байланысты нақтыланды.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ



