Қоғам

Қазақстан 2050 жылға қарай атом энергетикасын үш есе ұлғайту туралы декларацияға қосылды

Бүгін Бакуда БҰҰ-ның COP29 климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы аясында Қазақстан Республикасының Энергетика Вице-министрі Сұңғат Есімханов атом энергиясын пайдалануды үш есе арттыру бойынша күш-жігерді ілгерілету жөніндегі халықаралық іс-шараға қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Вице-министр өз сөзінде Париж келісімінің мақсаттарын орындау үшін әлемдік экономиканы декарбонизациялауды жеделдетуге және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған 2050 жылға қарай атом энергетикасын үш есе ұлғайту жөніндегі декларацияға Қазақстанның қосылатынын жариялады.

«Қазақстанның 2050 жылға қарай атом энергиясын үш есе ұлғайту туралы Декларацияға қосылуы  тұрақты және экологиялық таза болашаққа жасалған маңызды қадамымыз. Біз энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, ортақ мақсатқа жету үшін әлемдік қоғамдастықпен ынтымақтаса отырып, көміртегі шығарындыларының жаһандық төмендеуіне елеулі үлес қосуға тырысамыз», – деп атап өтті Энергетика вице-министрі.

Париж келісімінің алғашқы жаһандық шолуы аясында атом энергетикасы температураның 1,5 °С өсуін шектеу мақсатына жетудің негізгі шешімдерінің бірі ретінде танылды.

Қазіргі уақытта декларацияға 26 мемлекет қосылды: Армения, Болгария, Канада, Хорватия, Чехия, Финляндия, Франция, Гана, Мажарстан, Ямайка, Оңтүстік Корея, Молдова, Моңғолия, Марокко, Нидерланды, Польша, Румыния, Словакия, Словения, Швеция, Украина, БАӘ, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары және оның ішінде Қазақстан.

Қазақстанның атом энергетикасын үш есе ұлғайту туралы Декларацияға қосылуы елдің орнықты даму мақсаттарына бейілділігін және климаттың өзгеруіне қарсы күреске елеулі үлес қосуға дайын екендігін білдіреді. Қазақстан атом энергетикасын 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге, таза энергия көздерінің үлесін ұлғайтуға және сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өзінің болашақ энергия теңгерімінің маңызды компоненттерінің бірі ретінде қарастырады.

Қазақстан бейбіт атомды дамыту жөніндегі халықаралық бастамаларға белсенді қатысуға және осы саладағы жетекші мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button