Басты ақпаратҚоғамМәселе

Мектепті кім күзетеді?

Соңғы жылдары Қазақстанда мектеп қауіпсіздігі қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Әсіресе әлемде және елімізде білім беру ұйымдарында болған түрлі төтенше жағдайлардан кейін мектептердегі күзет қызметіне қойылатын талап күшейе түсті. Осыған байланысты өткен жылдың соңынан бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарын күзететін қызметкерлерге жаңа талаптар енгізді. Талап бойынша енді мектептерді 50 жасқа дейінгі, арнайы дайындықтан өткен азаматтар күзетуі тиіс.

Министрлік енгізген талаптардың негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Себебі мектеп күзетшісі жай ғана есік ашып-жабатын адам емес. Ол төтенше жағдай кезінде жылдам әрекет етіп, балаларды қорғауға қабілетті болуы керек. Оның үстіне қазіргі қоғамда мектеп күзетіне қойылатын талап та өзгерді. Бұрынғыдай «вахтерлік» қызметпен шектелетін жағдай келмеске кетті. Енді күзетші болған адам күмәнді адамдарды анықтай алуы; жанжал кезінде араша түсуі; төтенше жағдайда эвакуация ұйымдастыруы; қажет болса, күш қолдануға да дайын болуы тиіс. Сондықтан еліміздегі мектептерге арнайы дайындықтан өткен, физикалық мүмкіндігі бар азаматтардың қажет екені түсінікті жайт. Алайда осы уақытқа де­йін еліміздегі көптеген мектепте күзет қызметін көбіне зейнеткерлер атқарып келді. Кей жерлерде 60-70 жастағы қариялар мектеп есігінде отырғанын жиі көруге болатын. Мұның да бірнеше себебі бар. Біріншіден, күзет компаниялары ұзақ уақыт бойы қызметкерлердің жасына айтарлықтай талап қойған жоқ. Екіншіден, мектеп әкімшіліктері де күзет қызметін көбіне формалды түрде қабылдады. Яғни басты талап – ғимаратта «күзетші» отырса болғаны. Үшіншіден, бұл саладағы ең үлкен мәселе – жалақының ­төмендігі.

Қазір Қазақстанда есік қарайтын күзетшілердің бір күндік ақысы – шамамен 9 мың мен 15 мың теңге шамасында. Бірақ 15 мың теңге төлейтін орындар өте аз. Көп жағдайда күзетшілер күніне 11-12 мың теңге ғана алады. Бұл физикалық дайындығы бар, арнайы курстан өткен жас азамат үшін тартымды жалақы емес. Мысалы, құрылыс саласында немесе курьерлік қыз­метте бір күнде бұдан әлдеқайда көп табыс табуға болады. Сондықтан еңбекке қабілетті жастардың мектеп күзетіне баруы күмәнді. Ал зейнеткерлер үшін мұндай жұмыс қосымша табыс көзі ретінде қолайлы. Өйт­кені күзет қызметінің көп бөлігі орындықта отырып, бейнебақылау камерасын қараумен және кіріп-шыққан адамдарды бақылаумен өтеді. Сол себепті бұл салада егде жастағы адамдардың үлесі көбейіп кетті.

Жаңа талап күшіне енгеннен кейін мектептер бұрынғы күзетшілерін ауыстыруға мәжбүр болды. Бірақ олардың орнына талапқа сай жас мамандар табу қиынға соғып отыр. Бұл мәселе әсіресе Астана, Алматы сияқ­ты ірі қалаларда анық байқалады. Мәселен, Астананың өзінде 200-ден астам мектеп бар. Егер әр мектепке кемінде екі күзетшіден қажет десек, бір ғана қалаға 400-ден астам дайындықтан өткен қыз­меткер керек болады. Ал күзет компаниялары үшін мұндай көлемде маман табу оңай емес. Соның салдарынан кей мектептерде күзетші жетіспейді. Тіпті кейде мектеп әкімшілігі қызметкерлерінің өздері кіреберісте отыруға мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі. Бұл – жүйелік мәселенің белгісі.

Қауіпсіздік арзан болмайды, министрлік мектеп қауіпсіздігін күшейткісі келсе, тек талап қоюмен шектелмей, қауіпсіздік шығынды қажет ететін сала екенін де ескеруі керек еді. Яғни мектептерде жас, физикалық дайындығы бар, жауапкершілігі жоғары мамандар жұмыс істеуі керек болса, онда олардың еңбекақысы да соған сай болуы тиіс. Әлемдік тәжірибеде мұндай жұмыстарға жоғары жауапкершілікпен бірге лайықты жалақы ұсынылады. Ал бізде әзірге талап күшейгенімен, қаржыландыру деңгейі сол кү­йінде қалып отыр. Ендеше мәселені қалай шешуге болады? Сарапшылар мектеп күзетіне бөлінетін қаржыны көбейту; күзетшілердің жалақысын арттыру; арнайы дайындық бағдарламаларын мемлекет есебінен ұйым­дастыру; мектеп қауіпсіздігін формалды емес, кәсіби деңгейде қарастыру; күзет компания­ларына қойылатын бақылауды күшейту мәселені шешудің ең ұтымды жолы деп қарайды. Өйт­кені мектеп күзеті жай ғана қарауыл қызметі емес. Бұл – балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей жауапты сала. Олай болса қауіпсіздікке қойылатын талап күшейсе, оған жұмсалатын қаржы да соған сай болуы керек. Әйтпесе қағаздағы талап пен өмірдегі мүмкіндік бір-біріне сәйкес келмей қала береді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button