Биік ғимараттардағы өртті сөндіруге 2 дрон сатып алынады
Биік ғимараттардағы өртті сөндіруге арналған 2 дрон сатып алынады, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Қазақстанға 121 өрт сөндіру депосы қажет.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты.
Министрдің айтуынша, Ақмола облысында пилоттық жоба бойынша өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен құтқарушылардан тұратын әмбебап бөлімше құрылды.
“Бұл зардап шеккендерді жедел түрде кешенді құтқару мен оларға алғашқы көмек көрсету мүмкіндігін береді. Өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі қайта қаралды. Нақтырақ айтқанда, тамыз айынан бастап Астанада 3,5 айдың ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Барлық өңірде құрылыстың осындай тәсілі енгізілетін болады”, – деді Шыңғыс Әрінов.
Ведомство басшысы елімізге 121 өрт сөндіру депосы қажет екенін баса айтты.
“Биік ғимараттарды сөндіруге арналған өртке қарсы екі дрон материалдық-техникалық қамтамасыз етуді нығайту шеңберінде алғаш рет сатып алынады. Биыл республикалық, жергілікті бюджет есебінен және лизинг арқылы 728 бірлік арнайы автотехника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдықтар сатып алудамыз. Ең алдымен, техниканы аудандық бөлімшелердің мұқтаждығына бөлеміз”, – деді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.