Мәслихат

Жекешелендірілетін нысандармен танысты

Жекешелендіруге жататын коммуналдық мүлік нысандарының мәселелері бұдан былай жергілікті мәслихаттарда талқыланады. Бұл тәртіп өткен жылы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының негізінде Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілді. Мұндағы мақсат – қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ коммуналдық меншікті басқару саласындағы мемлекет саясатын іске асыру кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру. Мұны осы мәселеге арналған Астана қаласы мәслихатының көпшілік тыңдауын жүргізген бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбек мәлімдеді.

Осы отырыстың алдында қалалық мәслихат депутаттары тиісті нысандарды аралап көрді. Осыған тоқталған Кендебай Адамбек бұл нысандарды атай келе, олар жекешелендіруге неге жатқызылғанын, одан бюджетке түсер пайда жөнінде айтып өтті. Ал негізгі баяндаманы қалалық Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов жасады. Оның айтуынша, биыл Астана қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіндегі 4 нысан жекешелендіруге жатқызылды. Бұл – «Астана арнайы қызмет көрсету бюросы» ЖШС, «Comfort Hotel Astana» қонақүйі, «City Transportation Systems» ЖШС мен Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бас­қармасына қарайтын паркингтер және «Fitnation» спорт-сауықтыру орталығы.

Қосымша баяндамашылар бұл нысандарға толығырақ тоқталды. Соның ішінде қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит «Fitnation» спорт-сауықтыру орталығында бассейн, 3 жаттығу залы және коворкинг аймақ барын жеткізді. Мұндағы тренажер залы қазіргі заманға лайық құралдармен жабдықталғанын айтты. Бірақ бұл нысанда футбол мен волейбол алаңдарының жоғын ерекше айтып өтті. Соған қарамастан мұндағы құрал-жабдықтар олимпиадалық және басқа спорт түрлері бойынша дарынды спортшыларды даярлауға мүмкіндік беретінін, бұл нысан талаптары 300 спортшының тегін жаттығуына жауап беріп отырғанын айтты.

«Қазір елордада спорт нысандарының тапшылығы байқалуда. Сондықтан бұл нысанның қала балансында қалғаны жөн еді. Нысан өзін-өзі ақтап отыр» деді Василий Левит.

Жиында аталмыш нысанның құрал-жабдықтары қаланың кез келген балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне тапсырылса, бұл шешім дұрыс болатыны айтылып, басқарма басшысы да осы шешіммен келісті.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button