Мәслихат депутаттары Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының арнайы көліктерімен танысты

Астана қаласы мәслихатының депутаттары мобильді аппараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықталған Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы арнайы автокөліктерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл техника автоматты режимде «Тоқтауға тыйым салынады» және «Тұраққа тыйым салынады» жол белгілерінің талаптарын бұзу фактілерін тіркейді.
Кездесу барысында депутаттарға 2028 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамыту және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясы таныстырылды.

Көлік құралдарын эвакуациялау және полициямен өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. 25 сәуірден бастап ЖҚҰО құқық қорғау органдарымен бірлесіп күн сайын рейдтер жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында 404 өтінім қаралып, қозғалысқа нақты кедергі келтірген 220 автокөлік «Арғымақ» арнайы тұрақ орнына эвакуацияланды.
ЖҚҰО өкілдерінің айтуынша, эвакуация тек соңғы шара ретінде қолданылады және қала тұрғындарының қауіпсіз әрі еркін қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар депутаттар автотұрақ кеңістігін басқару жүйесінің жұмысымен танысты. 12 шілдеден бастап елордада автотұрақтарды аймақтарға бөлу жүйесі енгізіледі: сұраныс деңгейіне қарай тариф сағатына 100, 150 және 200 теңгені құрайды. ЖҚҰО мамандарының пікірінше, бұл автотұрақ орындарының айналымын арттыруға, орталық көшелердегі жүктемені азайтуға және жүргізушілердің тәртібін жақсартуға мүмкіндік береді.






