Мұқағали мұрасы дәріптелді

Ұлттық музей қабырғасында қазақ поэзиясының мұзбалағы, ұлттық рухтың символына айналған Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Жырлайды жүрек» атты поэзия кеші өтті.
Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі ұйымдастырған кешке К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Менеджмент, бизнес және білім колледжі, М.Тынышбаев атындағы Астана ALT көлік колледжінің студенттері, сондай-ақ М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-лицей, Ә.Бөкейхан атындағы Binom School, №73 мектеп-лицей оқушылары қатысты. Іс-шара барысында музей қорында сақталған ақынның жеке заттары, қолжазбалары мен кітаптарынан көрме ұсынылды.
– Халыққа тарихи жәдігерлерді көрсететін орын ғана емес, ұлттың рухани қазынасы сақталған киелі шаңырақ – музей. Осында халқымыздың маңдайына біткен біртуар тұлғалардың тұтынған заттары, қолжазбалары, кітаптары мен естеліктері сақтаулы. Сол асыл мұралардың қатарында қазақ поэзиясының падишасы атанған Мұқағали Мақатаевтың жеке заттары мен кітаптары бар. Осы бір поэзия кешін ұйымдастырудағы мақсатымыз – келушілерге ақын мұрасын тек тамашалап қана қоймай, оның жүрек тербер жырларынан рухани ләззат сыйлау. Мұқағали өлеңдері – адам жанының айнасы. Оның әрбір жыры жүректі қозғайды, сезімді серпілтеді. Ал мұрасы уақыт өткен сайын құнын арттырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек, – деді музей директорының міндетін атқарушы Ақмарал Ибраева.
Бұдан бөлек, кеш барысында театрландырылған көріністер қойылып, ақын өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. №74 мектеп-лицей оқушылары Мұқағали жырларын мәнерлеп оқыса, BINOM-дықтар ақын поэзиясын тебіреніспен жеткізді. Ал Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған ақынның өз үнімен оқылған жырлары залдағы көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Жалпы елордамызда Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арналған рухани іс-шаралар көптеп өтіп жатыр. Соның бірі – №1 балалар кітапханасындағы «Жүректен шыққан жыр – Мұқағали» атты әдеби-сазды кеш. Оның аясында «Ұлы ақын Мұқағали әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, мұрасын насихаттауға арналған тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға ақын-сазгер Ерқожа Әлқожаұлы арнайы қатысып, кеш мазмұнын тереңдете түсті. Қазақстандық Швейцария-
Америка колледжінің студенттері мен Ә.Кекілбаев атындағы Binom school оқушылары ақын шығармаларын оқып, өнерін ортаға салды.
Ал Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби-сазды кеш тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова ұстады. Іс-шараны кітапхана директоры Күміс Қарсақбайқызы құттықтау сөзбен ашса, ақын, жазушы, драматург Баянғали Әлімжанов Мұқағали жайлы тағылымды естеліктерімен бөлісті. Мұқағали мұрасын насихаттауға өмірін арнаған Ерқожа Тілепбердиев сөз сөйлеп, ақынмен рухани сабақтастығы мен туған жерге қатысты естеліктерін жеткізді. Әдеби кеште ақындар мен өнерпаздар Мұқағали өлеңдерін оқып, оның сөзіне жазылған әндерді орындады. Ерекше әсер қалдырған сәттің бірі – полиция қызметкерлерінің сахнаға шығып, ақын жырларын тебірене оқуы. Сонымен қатар жас ақындар мен студенттердің өнер көрсетуі кештің мазмұнын байыта түсті. Елена Әбдіхалықова орындаған «Есіңе мені алғайсың» әні Мұқағали рухына тағзым еткен тағылымды кештің әсерлі қорытындысына айналды.
Шапағат ӘБДІР



