Мәдениет

Низами мен Аппақ хикаясы сахналанды

«Астана Опера» театрында «Опералия-2026» халықаралық музыкалық фестивалі «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьерасымен ашылды.

Классик қаламгер Ғабит Мүсіреповтің сахналық туынды аттас драмасы желісімен қойылған операның авторлары – ағайынды композиторлар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Серікжан және Әліби Әбдінұровтар, либреттосын жазған – Тілеуғазы Бейсембек, қоюшы режиссері – Татарстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Михаил Панджавидзе.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орайластырылған аталмыш туындының премьерасы жылдың басты мәдени оқиғаларының біріне айналмақ. «Астана Операның» директоры Александр Совостьяновтың айтуынша, «Қыпшақ қызы Аппақ» Қазақстан операсы тарихының жаңа дәуірін бастамақ, мұндай ауқымды шығарма отандық өнер жылнамасында бұрын-соңды болмаған-мыс. 2-бөлімді, 9 көріністі операның негізіне шығыс шайыры Низами Гәнжауи мен қыпшақ аруы Аппақтың махаббат хикаясы арқау болды. Ақылына көркі сай Аппақты атақты ақынға Дербент әміршісі Мұзаффар әл-Мәлік әл-Әділ сыйға тартқан. Ару Низамидің жары атанып қана қоймай, оның музасына айналып, сөз шеберін әлем поэзиясының қазынасына енген көркем әйел бейнелерін жырлауға шабыттандырды.

Опера композиторларының бірі Серікжан Әбдінұровтың сөзінше, Ғабит Мүсірепов өз кезінде бұл туындыны Еркеғали Рахмадиевке ұсынған. Бірақ Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ректоры, Қаз КСР Композиторлар одағының төрағасы, Мемлекеттік мәдениет жөніндегі комитет төрағасы, одан кейін Мәдениет министрі секілді қызметтер Еркеғали Рахмадиұлына қолбайлау болып, ол мұны іске асыра алмады. Содан 2010 жылы ағайынды Әбдінұровтарға аманаттады. Аманатқа қиянат қылмаған композиторлар операның музыкасын 16 жыл жазды. Өзгерістер енгізіп, жаңа редакциясын жасады. Сөйтіп «Астана Операның» қолдауымен туынды көрермендерге жол тартты.

Шығармашылық құрамды таныстыра кетсек, қойылымның музыкалық жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин болса, симфониялық оркестрдің қоюшы дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Ерболат Ахмедьяров. Декорациялар мен костюмдерді Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов дайындады. Қойылымның техникалық жетекшісі – Виктор Караре.

Бас кейіпкерлерге келсек, оларды әдеттегідей бірнеше құрам сомдайды.  Аппақты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Назым Сағынтай және Ұлпан Әубәкірова ойнайды. Низами Гәнжауи бейнесі төрт актерге, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапинге, Талғат Аллабириновке, Рамзат Балакишиевке және Саян Исинге берілді.

Жалпы қойылым эпикалық сипатқа ие. Мұнда махаббат хикаясымен қатар соғыс оқиғалары, сан түрлі айла-шарғы мен опасыздықтар, яғни тартыс та баршылық. Оқиғалар желісі нәзік өріліп, лирикалық-драмалық жанрда өрбиді. Драматизм өмірлік мұратпен, махаббат құдіретімен, мейірімділік және бейбіт өмір жайында пәлсапалық ой-толғамдармен ұштасады. Туынды соңында ізгілік, махаббат пен келісім салтанат құрады. Низамидің мәрттігі, Аппақтың жан тазалығы, Дербент әміршісінің даналығы, бәрі біріккенде екі көрші халық арасындағы қақтығысты тоқтатып, бейбітшілік орнатуға септігін тигізеді.

Әсерді күшейту үшін «Астана Опера» театрының солистерімен бірге хор, балет әртістері, миманстар, балалар хоры қойылымға қатысады. Сондай-ақ домбырамен қатар шығыс аспабы қолданылады. Түркі әлемінің тарихи жады үшін маңызы зор операның премьерасына «Астана Опера» басшылығы мен авторлар жауапкершілікпен келді. Ол үшін Амангелді Мұқан сынды белгілі театртанушы мен сыншыларды арнайы шақырды. Алдағы күндері солар нақты бағасын бере жатар деп ойлаймыз.

Ал «Опералия» фестивалі бір жарым ай бойы жүреді. Биылғы ерекшелігі – «Астана Операдан» тыс жерлерде де өтеді. Концерттер мен спектакльдер үш алаңда жүреді. Қатысушы елдердің қатарында Италия, Франция, Мексика, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей, Болгария, Словения, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан мен басқа да елдер бар. Осылайша, бір жарым айдың ішінде сахнаға он алты мемлекеттің әртістері шығады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button