Отан деп соққан жүрегі…
Темірбек Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейінде «ОТАН деп соққан жүрегім» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара барысында кітап таныстырылып, автордың ұстаздық жолы, білім беру ісіндегі тәжірибесі мен ұлттық тәрбие бағытындағы ой-пікірлер айтылды.
Салтанатты шараға қоғам қайраткерлері Сабыр Қасымов, Асима Бимендина, сондай-ақ ғылым, білім және мәдениет саласының өкілдері мен мектеп директорлары қатысты. «ОТАН деп соққан жүрегім» – қырық жылға жуық ұстаздық және басқарушылық тәжірибені жинақтаған мектеп директорының эссе, сырласу, естелік, тәжірибемен бөліскен әдістемелік еңбегі.

— Автор білім мен тәрбиені Отанға қызмет етудің басты жолы деп пайымдайды. Кітапта ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие жүйесі, мектеп басқару тәжірибесі және патриоттық рух қалыптастыру мәселелері қамтылған. Бұл еңбек – ұстаздың азаматтық ұстанымы мен ел болашағына деген жауапкершілігінің айғағы. Кітапты оқып шықтым және оқуға тұрарлық дүние деп айта аламын, -деді Ұлттық құрылтай мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлиев.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысында біртұтас жүйе болуы керек. Жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру қажет» деген болатын. Бұл кітаптағы негізгі идеяларды да осы ұстаныммен үндестіруге тырыстым. Ұлттық тәрбие мен сапалы білімнің маңызы терең екенін жақсы білесіздер. Сондықтан бұл кітап басқарушылық қызметіне кірісіп жатқан жас мектеп басшыларына, педагогтерге, жас мамандардың қадесіне жарайды деп айтқым келеді. Қандай игі іс жасалса да, ол ең алдымен Отан үшін жасалуы тиіс деп санаймын. Отанға қызмет ету – әр адамның перзенттік борышы. Ал сол борышты адал атқару – өмірдің ең үлкен абыройы әрі шынайы жеңісі. Бұл кітап – жан дүниемнің сыры, — деді кітап авторы, Темірбек Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейінің директоры Гүлжамал Байменова.




