Астанада интернет-алаяқтық азайды

Интернет-алаяқтық – қоғам үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Дегенмен елордада аталмыш қылмыспен күресте оң нәтижелер бар. Прокуратураның мәліметінше, биылғы жылдың 8 айында Астанада алаяқтық фактілері 18 пайызға азайған (5956 жағдайдан 4877-ге дейін). Оның ішінде интернет-алаяқтық деректері де 12,3%-ға (3229-дан 2833-ке дейін) қысқарды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мамандар мұны прокуратура, қала әкімдігі және полиция департаментінің бірлескен, жүйелі жұмысының нәтижесі деп бағалап отыр. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Нұрислам Балтабеков мәлім етті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Спикердің айтуынша, елордада халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Танымал блогерлермен бірлесіп, жаңа алаяқтық схемалар мен олардан қорғану жолдары туралы бейнематериалдар әзірленіп, жарияланып жатыр. Қалалық прокуратура «Дропперлер – алдаудың сыбайластары» атты деректі фильм түсіріп, YouTube арнасына орналастырды.
WhatsApp мессенджерінде «Анти-Алаяқтық» боты жұмыс істейді, оның көмегімен күдікті телефон нөмірлерін тексеруге болады.
Сонымен қатар прокуратура мен әкімдік бірлесіп, алаяқтық пен есірткі қылмыстарымен күреске бағытталған жобалық кеңсе құрды. Оның басты бағыттарының бірі – қоғам қайраткерлері, спортшылар мен блогерлердің қатысуымен әлеуметтік роликтер шығару.
«Кибер-қалқан. Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл» жобасы аясында интернет-алаяқтықтың алдын алу және әшкерелеуге бағытталған 18 нақты қадам жүзеге асырылуда. Соңғы айларда екі заңсыз колл-орталық әшкереленіп, олардың операторлары қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Бес Sim-box құрылғысы тәркіленіп, бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Антифрод-орталықпен бірлесіп, күдікті банк операциялары бойынша 5754 оқиға тіркеліп, нәтижесінде 98,8 млн теңге алушы шоттарында бұғатталды. Оның 25,7 млн теңгесі заңды иелеріне қайтарылды.
16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекс «дропперлерге», яғни өз банк карталарын сыйақы үшін алаяқтарға беретін адамдарға қарсы бағытталған жаңа нормамен толықты. Кодекске енгізілген 232-1-бап банктік шоттарға, төлем құралдарына және сәйкестендіру деректеріне заңсыз қол жеткізуді беруге немесе сатып алуға жауапкершілік қарастырады», – дейді прокурор.
Оның айтуынша, үшінші тұлғалардың мүддесіне ақша аударған жағдайлар да қылмыстық жауапкершілікке жатады. Заң бөтен шоттарға заңсыз қол жеткізіп, қаражат аударуға тырысқан әрекеттерге де қолданылады. Бұл қылмыс құрамы формальды болып саналады: енді картаны беру немесе аударым жасау фактісінің өзі жеткілікті, келтірілген зиянды дәлелдеудің қажеті жоқ. Жаңа норма киберқылмыспен күресті жедел әрі тиімді етті.
Сыйақының мөлшеріне қарай жаза 160 АЕК көлеміндегі айыппұлдан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін, міндетті түрде мүлікті тәркілеумен белгіленген.
Алайда алғаш рет құқық бұзған адам өз еркімен мойындап, тергеуге белсенді көмек көрсетсе және басқа қылмыс құрамдары болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.
«Интернет-алаяқтықтың кең таралуына банктік карталардың бақылаусыз айналымы себеп болды. Бұған дейін дропперлердің кінәсін дәлелдеу тек хат алмасулар мен куәгерлердің айғақтары арқылы мүмкін болатын, бұл тергеуді қиындататын. Жаңа норманың қабылдануымен жағдай өзгерді. Енді картаны беру немесе аударым жасау фактісінің өзі жеткілікті», – деп атап өтті Нұрислам Балтабеков.
Ол сөз соңында Астана прокуратурасы қала тұрғындары мен қонақтарын қырағы болуға шақыратынын жеткізді. Банктік карталарды, деректерді бөгде адамдарға беруге, бейтаныстардың өтініші бойынша ақша аударуға болмайды. Күдікті қоңыраулар мен хабарламаларды ресми «Анти-Алаяқтық» боты арқылы тексеруге болады. Бұл ережелерді бұзу алаяқтық схемаларға тартылуға ғана емес, қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін.